Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан:Apple-дағы қазақ, сатылған азаматтық және төлем тоқтамы

Бұл аптада әлемдік басылымдар Қазақстан жайлы біршама жаңалық жариялады. Apple компаниясында қазақ жігітінің басшылық қызметке тағайындалғаны, Ресеймен шекарада өткізу пунктінің уақытша тоқтатылғаны қызу талқыланды. Оған қоса заңсыз берілген Қазақстан азаматтығы, банк секторындағы шетелдіктерге арналған саясат пен Әзербайжанмен жасалған қаржы аударымы сөз болыпты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

БАҚ
Инфографика: Kazinform

TACC: Қазақстан шетелдіктерге банк картасын жасатудың мерзімін шектеді

Қазақстан билігі шетелдіктерге 12 айдан ұзақ мерзімге банк карталарын беруді тоқтатты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлағандай, бұл қадам «нашақорлық пен цифрлық активтерді заңсыз айналымға салу саласындағы қауіптерді азайту» мақсатында қабылданған. Мәліметті ресейлік TACC бөлісті.

Әр шетелдік азаматқа бір ғана карта беріледі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, мұндай шектеу шаралары банк саласындағы заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған. Бірақ жаңа ереже инвесторларға, кәсіпкерлерге және дипломаттарға қатысты емес және бұрын шығарылған карталарға да әсер етпейді.

Сонымен қатар өткен жылы желтоқсан айында Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің сайтында ақпарат жарияланды. Онда Қазақстан тарапы 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап шетелдік азаматтарға шетелдік мекемелер арқылы жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беруді тоқтататыны хабарлаған. Мұндай нөмір Қазақстан банкінде шот ашу үшін қажет еді. Енді оны Қазақстан аумағындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы ғана алуға болады.

Айта кетейік, 2022 жылдан 2024 жылға дейін 695 мыңға жуық ресейлік жергілікті банк карталарын жасатқан, ал Қазақстанның ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, өткен жылы 233 мың ресейлік Қазақстанның мемлекеттік идентификациялау нөмірін алған.

Report: Заңсыз азаматтық алып бергендер ұсталды

Астананың екі тұрғыны Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан және Ресей Федерациясынан келген 49 шетелдікке заңсыз ҚР-ның азаматтығын және уақытша тұруға арналған рұқсат алып берген. Олардың бірі жалған неке куәлігін, медициналық анықтамасын және басқа да құжатты жасап, екіншісі клиенттерді тауып, біріншісімен байланыстырған. Ақпаратты Report таратты.

Қылмыстық іс-әрекеттің нәтижесінде әр шетелдіктен 80 мыңнан 1 млн теңгеге дейін табыс тапқан. Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін дәлелдеп, оларға 1 жыл 6 ай және 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қылмыскерлерден заңсыз алынған 107 мың АҚШ доллары, 2,5 млн теңге және 200 мың рубль сомасында ақшалай қаражат тәркіленген. Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енді.

Daryo:Қазақстан азаматы Apple-де басшы болып тағайындалды

29 жастағы қазақстандық Әділхан Қопабаев әлемге әйгілі Apple компаниясының Орталық Азия мен Армения аймағындағы қызметін қадағалайтын басшы ретінде тағайындалды. Ол қызметін Дубайдағы кеңседен атқаратын болады. Сүйінші жаңалықты Daryo жеткізді.

Қызметі туралы ақпаратты Әділхан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті: «Мен Apple Inc. компаниясына Орталық Азия мен Армениядағы мемлекеттік саясат және үкіметтік байланыстар бөлімінің басшысы ретінде қосылғанымды қуана хабарлаймын», – деді ол.

Жаңа басшы Қазақстанның Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 2017 жылы Оңтүстік Кореядағы Ульсан Ұлттық Ғылым және Технология Институтын (UNIST) «урбанист-инженер және технологиялық менеджмент» мамандығы бойынша бітірген. Кейін беделді UNIST Global Uni-Star стипендиясының иегері атанды. 2021 жылы Қопабаев АҚШ-тың Провиденс қаласындағы Браун университетінде мемлекеттік басқару бойынша магистратураны аяқтап, Рокфеллер қорының стипендиясын иеленді.

Apple компаниясына дейін Әділхан халықаралық консалтингтік және IT компанияларда қызмет атқарған. 2023 жылдан бастап ҚР Энергетика министрлігіне қарасты «Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығын» басқарды және Қазақстанның мұнай-газ саласының «Жағдайлық-талдау орталығы» басқармасының төрағасы болды. Өткен жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты кеңесінің құрамына енді.

Anadolu: Қазақстан-Ресей шекарасындағы 2 өткізу пункті уақытша тоқтатылады

Биыл 1 ақпаннан бастап Орынбор облысындағы Орск және Маштаково автокөлік өткізу пункттері арқылы көлік пен жүк тасымалының уақытша тоқтатылатыны белгілі болды. Ресей Федерациясының мемлекеттік шекара қызметінің ресми ақпаратын түркиялық Anadolu хабарлады.

Белгілі болғандай, пунктердің жұмысын тоқтату Қазақстанның «Алимбет» (Ақтөбе облысы) және «Сырым» (Батыс Қазақстан облысы) өткізу пункттерінің жоспарлы жөндеуге жабылуына байланысты қабылданған. Қазақстан тарапынан алынған мәліметке сәйкес, қайта жаңарту жұмыстары 16 айға дейін жалғасуы мүмкін.

Екі өткізу пунктінде мемлекеттік бақылау процедураларының қашан қайта басталатыны туралы ақпарат алдағы уақытта хабарланатыны айтылған. Қос тарап ресей-қазақ шекарасын кесіп өту кезінде осы ақпаратты ескеруді немесе басқа маршруттар арқылы өтуді ұсынуда. Мысалы, Илек (тек Ресей мен Қазақстан азаматтары үшін), Теплое (тек Ресей мен Қазақстан азаматтары үшін), Светлый және Сагарчин өткізу пункттері арқылы өтуге болады.

Trend: Әзербайжан мен Қазақстан арасында ақша аударымы артты

2024 жылдың 9 айында Әзербайжаннан Қазақстанға 7,23 млн доллар аударылған. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 51,87%-ға артық деген сөз. Деректі Trend ақпарат агенттігі Әзербайжан орталық банкіне сілтеме жасап жазды.

Әзербайжан Орталық банкінің мәліметтеріне сәйкес, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 51,87 пайызға немесе 2,5 миллион долларға ұлғайды. Қазақстанға аударымдардың жалпы көлеміндегі үлесі 1,8 пайызды құраған.

2023 жылдың қорытындысы бойынша жеке тұлғалардың Әзербайжаннан Қазақстанға ақша аударымдарының көлемі 7,476 миллион АҚШ долларына жеткен еді. Еске салайық, 2023 жылдың қорытындысы бойынша жеке тұлғалардың шет елдерден Әзірбайжанға ақша аударымдарының көлемі 1,654 миллиард АҚШ долларын құрады.

Соңғы жаңалықтар