Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Мұнай өндірісін арттыру, Нидерланд елімен келісім, инвесторларды қорғау және жолбарыстар

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл аптада әлемдік медиада Қазақстан хабары көбейді. Ресей президентінің Қазақстанға сапары барысында әкелінген амур жолбарыстары, Нидерланд елімен 160 млн еуроға жасалған мәміле көп айтылды. Инвесторлардың құқын қорғау бағытындағы бастамалар және мұнай өндірісін ұлғайту мен электр энергиясын импорттау жайы назардан тыс қалмаған. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

шолу
Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Reuters: Серіктес елдер Қазақстаннан мұнай өндіру көлемін арттыруды сұрады

Қазақстанның серіктестері ОПЕК+ келісімі аясында белгіленген шектеулерге қарамастан, елден мұнай жеткізу көлемін ұлғайтуды сұрап отыр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдемесін Reuters таратты.

- Әлемге қазақстандық мұнай қажет екенін жақсы білеміз және біз серіктестеріміз үшін сенімді жеткізушіміз. Ормуз бұғазындағы шектеулерге байланысты серіктестеріміз бізден жеткізілім көлемін арттыруды сұрап отыр, – деді Ақкенженов журналистерге.

Министрдің айтуынша, серіктестер тарапынан сұраныс өте жоғары.

- Олар мүмкіндігінше көп көлемді талап етіп отыр. Алайда Қазақстанның қазіргі өндіріс көлемі аясында инфрақұрылымдық шектеулер бар, – деді ол.

Мұнай өндіру мен экспорт көлемін ұлғайту мақсатында Қазақстан «Қашаған» кен орнындағы жоспарланған жөндеу жұмысын 2027 жылға шегерді.

Сонымен қатар Қазақстан Баку–Тбилиси–Жейхан мұнай құбыры арқылы тасымалданатын шикізатты жылына жоспарланған 1,5 миллион тоннадан 2,2 миллион тоннаға дейін арттыруға дайын.

ТАСС: Ресей Қазақстанға тасымалдайтын электр энергиясын 28%-ға арттырды

Ресейдегі электр энергиясын экспорттау және импорттау жөніндегі жалғыз оператор – «Интер РАО» компаниясы 2026 жылдың қаңтар–мамыр аралығында Қазақстанға 1,4 млрд кВт·сағ электр энергиясын жеткізген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28%-ға көп.

ТАСС ақпарат агенттігінің жазуынша, мамыр айында «Интер РАО» басқарма мүшесі Александра Панина Ресейдің 2026 жылы Қазақстанға 4,3 млрд кВт·сағ электр энергиясын жеткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді.

Report: Қазақстан-Нидерланд €160 млн көлемінде жобаларды іске асыруға келісті

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Нидерландқа жұмыс сапары барысында Қазақстан–Нидерланд бизнес-форумына қатысты. Report-тың хабарлауынша, форум аясында жалпы құны 160 млн еуроны құрайтын бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде келісімдерге қол қойылған.

Қазақстандық делегация Нидерландтың жетекші мемлекеттік және салалық ұйымдарымен келіссөздер жүргізді. Мысалы, Naktuinbouw басшылығымен тұқым шаруашылығы, сертификаттау және ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын бақылау мәселелерін талқылады.

Ал Damen Shipyards Group компаниясымен кеме жасау саласындағы ынтымақтастық перспективалары қаралған. Кездесу қорытындысында Маңғыстау облысында кеме жасау және кеме жөндеу кластерін құру жобасын іске асыруға бағытталған меморандумға қол қойылды.

Бұдан бөлек, Axia Seeds және DENSO AgriTech Solutions компанияларымен кездесулер өткен. Онда заманауи агротехнологияларды енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту және жылыжай кешендеріне инвестиция тарту мәселелері сөз болды.

The Times of Central Asia: Инвесторлардың құқығын қорғау күшейтіледі

Қазақстан инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында инвесторлардың құқығын күшейтуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта өңірлер мен республикалық маңызы бар қалаларда инвестициялық мәселелер жөніндегі арнайы прокурорлар тағайындалып, ҚР Бас прокуратурасы жанынан инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды сотқа дейін реттеуге арналған арнайы платформа құрылады. Жаңалықты The Times of Central Asia жеткізді.

Соңғы заңнамалық түзетулерден кейін елде Бас прокурор Инвестициялық омбудсмен қызметін де атқарып, отандық және шетелдік инвесторлардың заңды мүддесін қорғайды.

Инвестициялық прокурорлар өңірлік және республикалық маңызы бар қалалардағы прокуратураның қызметкерлері қатарынан тағайындалмақ.

Euronews: Тұран жолбарысын қалпына келтіру мақсатында амур жолбарыстары жеткізілді

Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік сапары барысында Қазақстанға төрт амур жолбарысын сыйға тартты. Бұл қадам Орталық Азияда 70 жылдай бұрын жойылып кеткен тұран жолбарысын қайта жерсіндіру жобасы аясында жүзеге асып отыр. Ақпаратты Euronews бөлісті.

Ресейден жеткізілген төрт амур жолбарысы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты аумағына орналастырылды. Олардың қатарында 3-4 жасар ересек аталық және аналық жолбарыстар, сондай-ақ 6-7 айлық екі күшік бар.