Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: Ортақ монета, транзит дәлізін құру және Тақ мұрагерінің сапары

АСТАНА. KAZINFORM – Мамырдың бел ортасында жаһандық интернет-басылымдарды бір парақтадық. Мұндағы Қазақстанға қатысты жаңалықтың көбі дипломатиялық қатынас, халықаралық саудаға негізделгені байқалады. Абу Дабидің Тақ мұрагері Халед бен Мұхаммед Әл Нахаянның елордаға келуі, Қазақстан-ҚХР арасындағы транзиттік дәліз құру идеясы мен Әзербайжанмен бірлескен монета шығару ісі кең талданған. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

шолу
Коллаж: Kazinform / Akorda.kz

Anadolu: Қазақстан-БАӘ ортақ даму жолында

Қазақстанға Абу-Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаян ресми сапармен келді. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, бірқатар маңызды құжатқа қол қойды. Жүздесу барысынAnadolu ақпарат агенттігі жазды.

БАӘ – Қазақстанның араб әлеміндегі негізгі сауда-экономикалық серіктесі әрі шетелдік инвесторлардың ондығына кіреді. 2023 жылы екі ел үкіметтері Стратегиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы бірлескен декларацияға қол қойғаны мәлім. Ал өткен жылы БАӘ-ден тікелей инвестициялар ағыны екі есе ұлғайып, рекордтық мәнге жеткен болатын. Енді тараптар тауар айналымын $1 млрд-қа дейін ұлғайту жөнінде бірлескен шаралар қабылдауда.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында құны 5 миллиард долларды құрайтын 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылатынын құптады. Оларды жүзеге асыру елдер арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты айтарлықтай ілгерілетіп, өзара тиімді байланыстарды нығайтуға септігін тигізбек.

Ортақ келісімдерге келсек, біршама жоба туралы келісім жасалды. Атап айтсақ, ҚР Көлік министрлігі мен БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрлігі, ҚР Әділет министрлігі мен БАӘ Әділет министрлігі меморандумға отырды. Сондай-ақ Қазақстан тарапы БАӘ-нің Masdar, AIQ, Abu Dhabi Commercial Bank, Presight, Abu Dhabi Ports, Terminals Astana Airport Limited компанияларымен келісім жасады. Бұдан бөлек, Түркістан қаласында шейх Мұхаммед Әл Нахаян атындағы перзентхана салу, жел электр станциясы жобасын іске асыру жоспарланған.

Халед бен Мұхаммед Әл Нахаян Қазақстан мен БАӘ арасындағы қарым-қатынас өзара сенім, қолдау қағидаттарына құрылғанын атап өтті. Бұл байланыстар сауда-инвестициялық ықпалдастық шеңберінен шығып, энергетика, көлік салаларынан бастап цифрлық инфрақұрылым мен білім беру ісіне дейін жалғасып жатқан кең ауқымды қамтитынына тоқталды. Тақ мұрагерінің айтуынша, қол қойылған келісімдер екі елдің болашақта да бірлесіп жұмыс істеуге бейіл екенін дәлелдейді.

Report: Қазақстан мен Әзербайжан естелік монета шығармақ

Бакуде Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел мен Әзербайжанның Орталық банкінің Төрағасы Талех Кязымов кездесті. Жүздесу барысында экономикалық өсім, болашақ байланыс жоспары талқыланған. Әсіресе, ортақ естелік монеталар шығару идеясы қолдау тауыпты. Жаңалықты Report ақпарат агенттігі жариялаған.

Елші қазақ-әзербайжан қатынасының қарқынды дамуына оң баға берген. Бүгінде Қазақстанның Ұлттық Банкі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Астана халықаралық қаржы орталығы секілді ұйымдар Әзербайжанның қаржы институттарымен жемісті қарым-қатынас орнатуда.

Айта кетерлігі, екі елдің орталық банктері тәжірибе алмасу бойынша және халықаралық алаңдарда табысты ынтымақтастық жүргізіп келеді. Соның бір айғағы – ортақ монета. Кездесу барысында қос ел мемлекетаралық қатынасқа арналған естелік монета басып шығару идеясын талқылады.

Қазақ дипломаты Т.Кязымовты биыл мамырда Астанада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің орталық банктері Кеңесінің отырысына шақырды. Өз кезегінде ӘР Орталық банкінің төрағасы шақыруды қабыл алып, Кеңесті құру жөніндегі бастаманы қазақ жағы ұсынғанын ерекше атап өтті.

ТАСС: «Ресей–Қазақстан–Қытай» транзиттік дәлізінің жобасы талқыланды

Астанада өткен Қазақстан-Қытай көлік форумы аясында екі мемлекеттің көлік министрліктерінің басшылары Марат Қарабаев пен Лю Вэй кездесті. Кездесудегі маңызды жобаның бірі Ертіс арқылы транзиттік дәліз құру бастамасы болғаны сөзсіз. Бұл туралы ресейлік ТАСС хабарлады.

Көлік ведомстволарының басшылары Ертіс трансшекаралық өзені арқылы «Ресей–Қазақстан–Қытай» мультимодальды транзиттік дәлізін құруды мақсат етіп отыр. Қосымша трансшекаралық Іле өзені арқылы Қонаев қаласынан (ҚР) Инин қаласына (ҚХР) дейін өзен бағытын құруды да талқылады.

«Қазақстан мен Қытай арасында көлік саласындағы ынтымақтастық артып келеді. Мәселен, 2025 жылғы І тоқсанның қорытындысы бойынша ҚХР-мен экспорттық-импорттық автотасымалдау көлемі 82 пайызға артып, 822 мың тонна жүк тасымалданды. Ал биылғы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысына сәйкес, ҚХР-мен теміржол арқылы жүк тасымалдау көлемі 13 пайызға артып, 11,4 млн тонна жүкті құрады», – делінген ҚР Көлік министрлігінің мәліметінде.

Форумға екі елдің бизнес-қоғамдастығы мен көлік-логистикалық компанияларының 300-ден астам өкілі қатысқан. Шара барысында B2B және G2B форматында кездесулер өткен.

Euronews: Көшпенді күзетінен ұлттық брендке дейін

Қазақ тазысы әлемдік медиа кеңістікте жиі назарға ілігеді. Бұл жолы ұлттық брендке айналған тазының тарихын Euronews зерттеген екен. Modern Nomads бағдарламасында тақырыпқа жан-жақты талдау жасалған.

Тазы – қазақ халқының өткені мен ұлттық болмысының белгісі. Бір кездері көшпенділердің сенімді серігіне айналған тазы Қазақстаннан тысқары жерге таралып, достықтың символына айналуда.

Ғалымдардың пайымдауынша, тазының тарихы жылқыны қолға үйрету дәуірінен бастау алады. Ғасырлар бойы «төртаяқты досымыз» жыртқыш аңдардан қорғап, көшпенділерге азық табуға көмектесті.

Бүгінде қазақ тазысы ұлттық брендке айналып келеді. Өткен жылы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) тазыны жеке ит тұқымы ретінде әдепкі (алдын ала) тану шешімін қабылдады. Бұл – халықаралық деңгейдегі мойындаудың басы. Енді ұйымдардың толыққанды әрі заңды түрде мойындауы алдағы межеге айналып отыр.

Астаналық Абзал Досыман – тазы тұқымын өсірушінің бірі. Апта сайын жазық далада бой жазып, тазы жүгіртеді. Айтуынша, мұндай қадам көшпенді рухын сезінуге ғана емес, тазыларды бабында ұстауға көмектесетін көрінеді.

- Тазы ғасырлар бойы қалыптасты. Қазақ даласының әлеуметтік өмір салтында ерекше орынға ие. Біз тазыға қарыздармыз десек болады. Ашаршылық жылдары бүтін ауылға азық тапқан тазылар болған. Сондықтан бұл ит тұқымын жай өсірмеймін, қолдан келгенше насихаттауға тырысамын, - дейді Абзал Досыман.

Қазіргі таңда тазыны асырау, оның күтімі турасында ортақ талап қалыптасып келеді. Әсіресе, санын көбейту, сапасын жақсартудың маңызы жоғары. Бұл мақсатта тазыны халықаралық деңгейде танытуға, насхаттауға мемлекет те мүдделі.

Осы орайда ауқымды іс жүзеге асырылғанын көреміз. Оның қатарында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция президенті Эммануэль Макронның тазы тұқымын асырау оқиғалары бар.

Соңғы жаңалықтар