Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан:Ozon мен Alibaba-ға арналған логистикалық кешен, G20 саммиті және 15 жаңа өндіріс орнын құру

АСТАНА. KAZINFORM – Апта соңында жаһандық интернет-басылымдарды бір парақтадық. Ондағы Қазақстанға қатысты жаңалықтың көбі дипломатиялық қатынас пен халықаралық саудаға негізделгені байқалады. Қазақстанның G20 саммитіне дайындығы, Ozon және Alibaba сауда алаңдарына арналған логистикалық кешен салу жоспары, сырттан тауық жұмыртқасын әкелуге салынған тыйым айтылыпты. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

шолу
Коллаж: kazinform/ ЖИ

Report: 15 өндіріс орны құрылмақ

Қазақстанда мұнай-газ өнеркәсібіне қажетті өнім шығаратын 15 жаңа өндіріс орны құрылатын болды. Әлемдік және отандық ірі өндірушілермен бірлесіп қолға алынған жобалардың құны 37,7 миллиард теңгені құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеген. Министр сөзін Report агенттігі бөлісті.

Министрлік жоспары бойынша, кәсіпорындар мұнай-газ саласындағы сұранысқа ие өнімдерді шығарады. Қазір осындай тауарлардың 160 түрі анықталған.

Аталған бастама мұнай-газ секторын қажетті жабдықпен дер кезінде қамтуға және жергілікті кадрлардың өндірістік әлеуетін арттыруға көмектесуі тиіс. Жаңа зауыттар өнім түрлерін көбейтіп, ішкі нарықтағы шетелдік тауарлардың үлесін азайтуға мүмкіндік береді.

Мұндай тәсіл бұған дейін де оң нәтиже көрсеткен. Ведомство дерегінше, 2022–2025 жылдар аралығында елде құны 7,9 миллиард теңге болатын 10 өндіріс орны локализацияланып, 350-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылған.

The Times of Central Asia: Ozon және Alibaba сауда алаңдарына арналған логистикалық кешен салынады

Петропавл қаласында ауданы 102 000 шаршы метрді құрайтын логистикалық орталық салу жоспарланып отыр. «Қызылжар» логистикалық орталығының құрылысына салынатын инвестиция көлемі 29 миллиард теңгеден асады. Орталық тауарларды, соның ішінде Ozon және Alibaba платформалары арқылы сатылатын өнімдерді сақтау мен тарату үшін пайдаланылмақ. Жаңалықты The Times of Central Asia жазды.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Royal Investment International инвестициялық компаниясы жобаны 18 қарашада таныстырды. Оның негізін қалаушы Марат Салихов жобаны Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен талқылаған.

2025 жылы Қазақстандағы онлайн-сауда көлемі 19,4%-ға өсіп, 3,77 трлн теңгеге жетті. Оның жалпы бөлшек саудадағы үлесі 14,3%. Сауда және интеграция министрлігі 2030 жылға қарай бұл үлесті 20%-ға дейін ұлғайтуды мақсат етіп отыр.

Сондай-ақ Wildberries компаниясы Қазақстандағы қоймаларын кеңейтуді қарастырып жатыр. Министрлік егер компания ресми сұраныс жіберсе, кез келген ұсынысты қарастыруға дайын екенін мәлімдеген.

Reuters: Қазақстан G20 саммиті қарсаңында АҚШ-қа тікелей рейс ашу үшін FAA мақұлдауын күтіп отыр

Қазақстан желтоқсан айында өтетін G20 саммитіне дейін ұшу қауіпсіздігі бойынша америкалық рейтингке ие болудан үмітті. Аталған жиынға Қазақстан президенті қатысады. Ақпаратты Reuters хабарлаған.

Қазақстанның көлік вице-министрі Талғат Ластаев сейсенбіде АҚШ-қа тікелей әуе рейсін ашуға мүмкіндік беретін 1-санатты қауіпсіздік рейтингін беру туралы шешім желтоқсанда белгілі болатынын айтты.

Вице-министрдің сөзінше, қыркүйек айында Қазақстанда жүргізілген аудиттен кейін АҚШ-тың Федералдық азаматтық авиация басқармасы (FAA) тексерісінің алдын ала нәтижелері өте жақсы болған.

– Біз желтоқсан айында, осы маңызды кездесу қарсаңында ресми түрде бірінші санатты аламыз деп ойлаймыз, – деді Талғат Ластаев.

Қазіргі уақытта FAA-ның Қазақстанға қатысты бекітілген рейтингі жоқ. Ведомство өкілі FAA тексерістердің егжей-тегжейіне түсініктеме бермейтінін мәлімдеді.

Ел билігі авиация жүйесіне инвестиция тарту арқылы әуе тасымалын арттырып, экономикасын ілгерілетуге ниетті.

ТАСС: Қазақстан тауық жұмыртқасын импорттауға тыйым салды

Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі ел аумағына барлық елдерден, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттерден тауық жұмыртқасын әкелуге қайтадан тыйым салды. Ведомствоның бұйрығына сәйкес, шектеу екі ай бойы – 2027 жылдың қаңтар айының ортасына дейін күшінде болады. Жаңалықты ресейлік ТАСС агенттігі жариялады.

Мұндай тыйым 2025 жылы және биыл да бірнеше рет енгізілген болатын. Соңғы рет импортқа 2026 жылдың сәуір айында тыйым салынып, алты ай бойы қолданыста болды. Шектеу отандық өндірушілерді қолдау мақсатында жасалыпты.

Euronews: Ядролық қаруға қарсы өнер

Euronews Семей ядролық полигонынан зардап шеккен суретші Кәріпбек Күйіков туралы арнайы бағдарлама дайындады. Бағдарламада суретшінің өнері мен антиядролық қозғалысқа қатысты ой-пікірі көрсетілген.

Жақында суретші Кәріпбек Күйіков алғашқы өмірбаяндық кітабын жарыққа шығарды. Ол бұл еңбекті 35 жыл бұрын бастағанымен, тек жақында аяқтай алған. Суретші естеліктерін дауыстық хабарлама ретінде жазып, ал редакторлар соның негізінде қолжазбаны дайындапты.

Кітаптың тұсаукесерінде қолтаңба алғысы келгендердің қатары көп болды. Күйіков қаламды тісіне қыстырған күйі әр данаға сабырмен қолтаңба қойып берді. Жасы ұлғайған сайын оған аяқпен сурет салу және жазу қиындай түсіп, біртіндеп бұл қабілетінен айырылып барады. Қазір ол қылқаламды да, қаламды да аузына тістеп ұстайды.

1989 жылы ақын және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов «Невада — Семей» антиядролық қозғалысын құрды, Кәріпбек Күйіков те осы қозғалысқа қосылған болатын.

Оның антиядролық тақырыптағы алғашқы картинасы «Алғашқы жарылыс» деп аталды. Онда ядролық жарылыс соққысының астында қалған киіз үйдегі отбасы бейнеленген.

– Жарылыс толқыны киіз үйді ұшырып әкетеді, бәрі астаң-кестең болады. Мен сол жерде тұрған адамдардың басынан не өткенін, ядролық сынақтардың оларға қалай әсер еткенін көрсеткім келді, — деп түсіндірді суретші.