Әлемдік брендті заңсыз пайдаланған алматылыққа 1,5 млн теңге айыппұл салынды

Hugo Boss
Фото: group.hugoboss.com

  АСТАНА. KAZINFORM – Алматы базарларының бірінде «HUGO BOSS» сауда белгісін заңсыз пайдаланған кәсіпкерге 1,5 млн теңге айыппұл салынған. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли ведомствоынң баспасөз мәслихатында айтты.

«Осы жылдың басынан бері бөтен тауар белгісін заңсыз пайдалану дерегі бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне 216 тексеру жүргізілді. Оның нәтижелері көрсеткендей қолданыстағы заңнаманы бұзудың 196 фактісі анықталды. 175 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекетке 14 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілді. Азаматтық айналымнан жалпы сомасы 102 млн теңгеден астатын 320 мың контрафактілік өнім тәркіленді», - деді Талғат Уәли.

Ресми өкіл нақты мысал да келтірді.

«Мәселен осы жылдың 28 тамызында Алматы қалалық Әділет департаментінің қызметкерлері «HUGO BOSS» сауда белгісін заңсыз пайдаланып, контрафактілік тауарларды сатып келген саудагерді әшкереледі. «HUGO BOSS» компаниясы өкілінің өтініші бойынша, Алматыдағы сауда базарларының бірінде ерлер киімін көтерме бағада сатумен айналысқан жеке кәсіпкерге жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында «HUGO BOSS» тауар белгісін заңсыз пайдалану фактісі расталды. Нәтижесінде жалпы сомасы 1,5 млн теңгеден асатын 1600 контрафактілік тауар тәркіленді», - деді ол.

Талғат Уәлидің сөзінше, кәсіпкер жалған өнімді нарықтағы түпнұсқаның бағасынан 300 пайыз төмен бағамен бүкіл Қазақстан аумағында таратып келген.

«Бүгінде кінәлі тұлғаға Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 158-бабы (бөтеннің тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, тауар шығарылған жердің атауын немесе фирмалық атауды заңсыз пайдалану) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Контрафактілік өнімдер жойылды», - деді министрліктің ресми өкілі.

Талғат Уәли Алматы базарларының бірінде «Джинн» күнбағыс тұқымының тауар белгісін де заңсыз пайдалану дерегі тіркелгенін айтады.

«Тексеріс барысында жалпы сомасы 700 мың теңгеден асатын 2000 бума контрафактілік өнім анықталып, тәркіленді. Аталған іс бойынша материалдар одан әрі қарау және кінәлілерді жауапкершілікке тарту үшін сотқа жіберілді», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар
telegram