Әлемдік державалардың бір-біріне сенімсіздік танытуы үдей түсті - ҚР Президенті

АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысы «Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету» атты дәрісінде әлемдік державалар арасында бір-біріне сенімсіздік таныту үрдісі үдей түскенін атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

президент
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Сингапур сияқты жаңадан пайда болған «орта державалардың» рөлі туралы пайымдай келе, жаһандық қауіпсіздік ландшафтында мол мүмкіндіктерге жол ашып қана қоймай, едәуір қауіп те төндіретін елеулі өзгерістерге назар аударды.

– Біз геосаяси шиеленістен бастап, макроэкономикалық қиындықтарға дейінгі және жиілей түскен климаттық апаттар секілді қаншама дағдарыспен бетпе-бет келіп отырмыз. Қауіпсіздік архитектурасының іргесі жылдам сөгіліп барады, әлемдік державалар арасында бір-біріне сенімсіздік таныту үрдісі үдей түсті. Шамасы, Қырғи-қабақ соғыстан кейін орнаған «бейбітшілік несібесі» түгесілуге жақын. Өйткені былтыр әлем елдерінің әскери салаға жұмсаған шығындары 2,2 триллион долларға дейін жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Демек қаруланудың жаңа бәсекесі басталды. Қанша күш-жігер жұмсалғанына қарамастан, адамзат жаңа әскери қақтығыстардың құрбанына айналады. Экстремизм, терроризм, кибернетика, ғарыш, жасанды интеллект, климаттың өзгеруі, жаппай миграция және эпидемия туындатқан түйткілдер жаһандық қауіпсіздіктің жағдайын одан сайын ушықтыра түсті. Алайда Астана мен Сингапур дамып келе жатқан орта державалар ретінде мұндай бөліну мен жіктелуге көз жұмып қарай алмайды. Қауіп-қатер өте зор. Егер шара қабылдамаса, тағы бір қырғи-қабақ соғыс зобалаңына тап келуіміз әбден мүмкін, – деді Президент.

Бұл ретте Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан жолымен алға қадам басып келе жатқан еліміз жауапты дипломатияның қағидаттары мен құндылықтарын қатаң сақтауға бейілді екенін жеткізді.

– Барлық сыртқы серіктестеріміз Астананың қандай ұстанымда екенін жақсы түсінеді. Сондықтан бізді сенімді әріптес санайды. Біз «Жаһандануды жақтайтын Қазақстан» ретінде бүкіл әлеммен ашық қарым-қатынас жасауды жалғастыра береміз. Бұл – біздің еліміздің сыртқы саясаттағы бағдары. Тұрақсыздық ұзақ уақытқа созылған жаңа дәуірде тек осылай ғана жетістікке жете аламыз. Сол себепті бізге қазіргі қалыптасқан ахуалға бей-жай қарауға болмайды. Дүниежүзімен ашық қатынас жасай отырып, біз сыртқы сын-қатерлерге қарсы күресте қырағылық танытып, проактивті түрде әрекет етеміз. Қазақстанның заңды құқықтары мен мақсатын қорғау ісінде тартынып қалмаймыз, еліміздің басты мүддесін құрбан етуге ешқашан жол бермейміз. Кейде біздің ұстанымымызға күмәнмен қарайды, бейтараптығымыз үшін сынайды. Бірақ мұны өз көзқарасы, сенімі жоқ деп қабылдамаған жөн. Керісінше, оны қақтығыс пен мәжбүрліктің орнына саналы түрде дипломатия мен диалогты таңдау деп түсінген абзал. Бұл таңдау – территориялық даулардан бастап идеологиялық қақтығыстарға дейінгі түрлі қайшылықтарды еңсеруге септігімізді тигізуге мүмкіндік беретін біздің мықты қырымыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Әзербайжан мен Армения арасындағы бітімгерлік үдерісіне ықпал ету әрекетін, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты ара ағайындығын, Сириядағы қақтығыстарды реттеу жөніндегі Астана процесін, сондай-ақ жақында БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталары аймағына алғаш рет дербес бітімгерлік күштерін жіберуін мысал ретінде атап өтті.