Әлемдік энергетикалық дағдарыс 2027 жылға дейін созылуы мүмкін – ХЭА басшысы

АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) атқарушы директоры Фатих Бироль әлемдік энергетикалық дағдарыс 2027 жылы да жалғасуы мүмкін екенін болжады, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.

Әлемдік энергетикалық дағдарыс 2027 жылға дейін созылуы мүмкін – ХЭА басшысы
Фото: Kazinform / ЖИ

Бироль Ыстанбұлда өтетін COP31 климаттық конференциясына дайындық аясында ұйымдастырылған инвестициялық саммитте сөйлеген сөзінде әлемдік энергетика нарығындағы қазіргі жағдай мен мемлекеттердің саясаты жағдайдың жақын арада қалыпқа келетініне үміттенуге негіз бермейтінін айтты.

– 2027 жылы жағдай қалыпқа келеді деп оптимистік көзқарас таныта алмаймын. Болып жатқан оқиғаларға барынша оң көзқараспен қарауға тырысқанның өзінде, бұған сенімді дәлел таба алмай отырмын, – деді ХЭА басшысы.

Оның айтуынша, энергетикалық дағдарыстың салдары келесі жылы да сезіледі.

– Жаңа қиындықтар туындамаса, әлем әлі де жарасын жазуға тырысып жатқан кезде бұл дағдарыс 2027 жылы да қандай да бір түрде жалғасады, – деп толықтырды Бироль.

Агенттік басшысы Ормуз бұғазы төңірегіндегі дағдарыс энергетика саласына ғана емес, экономика мен ауыл шаруашылығына да әсер етіп отырғанын атап өтті. Қалыптасқан жағдайда үкіметтер, компаниялар мен инвесторлар қысқа және ұзақ мерзімді стратегияларын қайта қарауға мәжбүр.

Бироль қазіргі жағдайды 1973 және 1979 жылдардағы мұнай дағдарыстарымен де салыстырып көрді. Оның айтуынша, сол кезеңдер атом энергетикасының дамуына және автокөліктердің отын тиімділігін арттыруға ықпал еткен.

ХЭА басшысы Түркияда өтетін COP31 климаттық конференциясына да тоқталды. Ол әлемдік энергия тұтыну құрылымындағы электр энергиясының үлесін қазіргі 23 пайыздан 2035 жылға қарай 35 пайызға дейін арттыруды ұсынды.

Оның пікірінше, электр энергиясын пайдалануды кеңейту энергетикалық қауіпсіздікті нығайтып, сонымен бірге зиянды шығарындыларды азайтуға мүмкіндік береді.

Бироль елдер Антальядағы саммитте бұл бастаманы қолдайды деп үміттенетінін жеткізді. Оның айтуынша, мемлекеттердің қатысу деңгейі мен электрлендіру мәселесі бойынша келісімге қол жеткізу COP31 конференциясының табыстылығын бағалайтын екі негізгі көрсеткіш болмақ.

Бұған дейін ХЭА басшысы Фатих Бироль Иран, АҚШ және Израиль арасындағы қақтығысты әлем тарихындағы ең ірі энергетикалық дағдарыстың себебі деп атаған болатын. Оның сөзінше, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының бұзылуы әлемдік нарықтарға мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізуді едәуір қиындатқан.

Айта кетейік, Қазақстан энергетикасын алдағы жылдары қандай өзгеріс күтіп тұрғанын сарапшыдан сұрап-білген едік.