Әлемдік көшбасшылар Иранға көңіл айтып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Таяу Шығыстағы елдердің және өзге де мемлекеттердің көшбасшылары Иран президенті Ибрахим Раисидің қазасына байланысты көңіл айуда.
CNN телеарнасының мәліметінше, Иранның бұрынғы президенті Хасан Рухани апаттан қаза тапқан Ибрахим Раисидің, Сыртқы істер министрі және экипажда болған өзге де жолаушылардың туған-туыстарына көңіл айтты.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Х әлеуметтік парақшасында былай деп жазды: «Иран Ислам Республикасының президенті Сейид Ибрахим Раисидің қазасына қатты қайғырып жатырмын. Оның Үнді-Иран арасындағы екіжақты қарым-қатынастарын нығайтуға қосқан үлесі әрқашан есте қалады. Оның отбасы мен Иран халқына шын жүректен көңіл айтамын. Үндістан осы қайғы-қасірет кезінде Иранға қолдау көрсетеді».
Ирак премьер-министрі Мұхаммед Шиа ас-Судани Х әлеуметтік парақшасында Иранның жоғарғы басшысы Аятолла Али Хаменеиге және оның үкіметіне: «Біз осы ауыр қайғылы оқиғада бауырлас Иран халқымен және Ислам Республикасындағы құзырлы орган басшыларымен ынтымақтасамыз» деген жазба қалдырды.
Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф: «Пәкістан аза тұту күнін жариялайды және президент Раиси мен оның серіктестеріне көрсетілген құрмет ретінде Ту төмен түсіріледі», деді.
Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев Иран президенті Ибрахим Раисидің әуе апатынан қайтыс болуына байланысты Иран халқы мен елдің жоғары лидері Әли Хаменеиге көңіл айтты. Шавкат Мирзиёев көңіл айту жеделхатында Өзбекстан мен Иран арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты және өзара тиімді серіктестікті дамытуға зор үлес қосқан Ибрахим Раиси жайлы жарқын естелік екі ел халықтарының жүрегінде мәңгі сақталатынын атап өтті.
Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев Иран Ислам Республикасының президенті Сейед Ибрахим Раисидің, Иран СІМ басшысы Хосейн Амир Абдуллахиянның және өзге де экипаж мүшелерінің тікұшақ апатынан қайтыс болуына байланысты Иранның жоғарғы көшбасшысы Аятолла Сейед Али Хаменеиге көңіл айтты.
«Бауырлас Иран Ислам Республикасы халқының бастан өткерген ауыр қазасы біздің көңілімізді түсірді. Иран халқы өмір бойы өз еліне жанқиярлықпен және адал қызмет еткен көрнекті мемлекет қайраткерінен айырылды. Оның жарқын бейнесі әрқашан біздің жүрегімізде сақталады. Қайғылы сәтте Иранның бауырлас халқына шыдамдылық танытуға шақырып, жеке өзімнің атынан және әзербайжан халқының атынан қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына, бүкіл Иран халқына көңіл айтамын», - делінген көңіл айту жеделхатында.
Армения Республикасының президенті Ваагн Хачатрян Иран Ислам Республикасы президентінің және оның сенімді өкілдерінің тікұшақ апатынан қайтыс болуына байланысты Иран үкіметі мен халқына көңіл айтты.
«Мені Иран Ислам Республикасының президенті Сейед Эбрахим Раиси, Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиян және басқа да шенеуніктер қаза тапқан тікұшақ апаты туралы қорқынышты хабар қатты есеңгіретті. Иранның үкіметі мен бауырлас халқына шын жүректен көңіл айтамын. Біз Иран халқының қайғысымен бөлісеміз және осы қиын сәтте төзімділік тілейміз», - деп жазды Хачатурян өзінің Х әлеуметтік парақшасында.
Венесуэла президенті Николас Мадуро Иран Ислам Республикасы президентінің қайтыс болғаны туралы қаралы жаңалыққа абдырап қалғанын жеткізді. Мадуро: «Біз Боливар жерінен Иранның жоғарғы басшысы Аятолла Али Хаменеиге қайғырып көңіл айтамыз», - деді.
Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті Мұхаммед ибн Заид ибн Сұлтан Әл-Нахаян апатта қаза тапқандардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтып, «БАӘ осы қиын уақытта Иранмен бірге ауыр қазаны бөліседі», деп мәлімдеді.
Қатар әмірі Тамим ибн Хамад Әл Тани Раиси мен Амир Абдоллахиян қайтыс болғанына байланысты Иран Ислам Республикасының үкіметі мен халқына шынайы көңіл айтты.
Сирия президенті Башар Асад Иранға көңіл айтып, «Раиси Сирия мен Иран халықтарына пайда әкелетін қарым-қатынасты нығайтуға айтарлықтай үлес қосты», - деп мәлімдеді.
Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван И де Иран Президенті Ибрахим Раисидің өліміне қатысты мәлімдеме жасады.
«Келіссөздер барысында біз Иран Президенті Аятолла Сейед Ибрахим Раисидің тікұшақ апатынан қайтыс болғанын ресми түрде растағанын білдік. Қытай осыған байланысты қатты қайғырады. Біз Иран үкіметіне және оның халқына қайғырып көңіл айтамыз. Президент И. Раиси мен Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиян Қытай-Иран қарым-қатынасы және аймақтағы достық ынтымақтастықтың дамуына маңызды үлес қосты», - деді бүгін Ван И Қазақстанға ресми сапары барысында.
Сондай-ақ, Қытайдың Сыртқы істер министрі апаттан кейін қытай тарапы құтқару жұмыстарына белсенді көмек көрсеткенін айтты.
«Біз Иран тарапына қажеттінің бәрін беруге дайынбыз. Иран үкіметі мен халқы бұл қиын кезеңді жеңе алатынына сенімдіміз», - дейді ол.
Еске сала кетейік, Иран президенті мінген тікұшақ 19 мамырда Әзербайжанмен шекаралас Верзеган қаласына жақын маңда апатты жағдайда қонды. Кейінірек оқиға орнынан түсірілген видеолар тарады. Ирандықтар президент И. Раиси мен оның серіктерінің денсаулығы үшін дұға етті.
Ал бүгін тікұшақ құлаған аймақтың жергілікті басылымдары президент пен оның серіктерінің қаза тапқанын растады. Тікұшақ бортында Жоғарғы Көшбасшының өкілі және Тебриз жұма намазының имамы, Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиян, Шығыс Әзербайжан губернаторы Малек Рахмати, Президенттік қауіпсіздік бөлімшесінің қолбасшысы, генерал Сейед Махди Мусави және тікұшақтың басқа да экипаж мүшелері болған.