Әлемдік рекорд және нақты AI-шешімдер: HackAlem AI несімен ерекшеленеді
Елордада HackAlem AI хакатоны өтіп жатыр. Әлемдік рекорд орнатуды көздеген додаға 2,5 мың адам қатысып, жасанды интеллект негізінде өз жобаларын әзірлеуге кірісті. Оларға бірнеше сағаттың ішінде бизнес пен мемлекеттік сектордағы нақты мәселелерге шешім ұсынатын AI-агент жасап шығу міндеті қойылып отыр.
Хакатонға 21 елдің 157 университеті мен 54 қаласынан қатысушылар келген. Олардың арасында студенттермен қатар IT саласында жұмыс істеп жүрген мамандар да бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кейбір қатысушылар шара өтетін жерге таңғы сағат төрттен бастап кезекке тұрған.
Хакатонға Guinness World Records өкілдері де келді. Олар Agentic AI-хакатонына ең көп адам қатысқан әлемдік рекордты тіркеу үшін іс-шараның барысын бақылап отыр.
HackAlem AI несімен ерекшеленеді
Silk Road Innovation Hub бас директоры Әсет Әбдуалиевтің айтуынша, қатысушыларға жалпы құны 1,5 миллион доллар болатын технологиялық ресурстар берілген. Олардың қатарында OpenAI мен NVIDIA ұсынған API-кредиттер, сондай-ақ AI-агенттерін әзірлеуге мүмкіндік беретін Codex платформасы бар.
Бас директордың сөзінше, қатысушылар жеке де, команда құрамында да жұмыс істей алады. Оларға төрт-бес сағат ішінде ұсынылған 10 бағыттың бірі бойынша жұмыс істейтін AI-шешім әзірлеу міндеті қойылған.
Тапсырмаларды Қазақстанның ірі компаниялары мен мемлекеттік ұйымдары ұсынды. Олардың қатарында Samruk-Kazyna, Halyk Bank, «Қазақтелеком», әкімдіктер және Ғылым және жоғары білім министрлігі бар. Қатысушылар жай ғана стартап идеясын ұсынбайды. Олар нақты ұйымның мәселесін шешетін, жұмыс істеуге қабілетті AI-агент жасап көрсетуі керек, - деді спикер.
Жедел жәрдем шақыруды жеңілдететін AI-жоба
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылардың басым бөлігі – студенттер. Солардың бірі - Назарбаев университетінің 1-курс студенті Рақымжан Тоқтарханов. Ол хакатонға достарымен бірге қатысып жатыр. Оның командасы жедел жәрдем қызметіне арналған жоба әзірлеуде.
– Жоба адамның қатысуын барынша азайтып, жедел жәрдемге автоматты түрде өтініш жіберуге мүмкіндік беруді көздейді. Сонымен бірге пайдаланушы жедел жәрдем көлігінің қай жерде келе жатқанын бақылай алады, ал өтініш берген адамның мекенжайы жүйеде автоматты түрде анықталады. Бұл адамдар үшін де, диспетчерлер үшін де ыңғайлы болар еді. Телефон арқылы хабарласып, уақыт жоғалтпайды, - дейді өзі.
Студенттің пікірінше, қазіргі жасанды интеллект құралдары идеяны техникалық жағынан жүзеге асыруды жеңілдеткен. Сондықтан командалар үшін ең күрделі міндеттердің бірі – өзгелерден ерекшеленетін идея табу.
– Меніңше, командаларға ерекше идея табу қиынырақ болуы мүмкін. Ал оны жүзеге асыру оңайырақ, өйткені ChatGPT арқылы жасалады ғой, - дейді ол.
Команда хакатоннан тәжірибе жинап қана қоймай, жобасын әрі қарай дамытуға мүмкіндік алуды көздейді.
Ал елордадағы IT университетінің 2-курс студенті Темірлан Досмұхамбетов бұған дейін де түрлі хакатондарда бақ сынаған. Бұл жолы ол университеттегі топтастарымен бірге үш адамнан тұратын команда құрған.
– Бұған дейін түрлі хакатондарға қатысып, бақ сынадым. Университетте бірге оқитын группаластарыммен хакатонға тіркелдік, біз үшін пайдалы болады деп ойлаймыз. Әлемнің, еліміздің түкпір-түкпірінен келген студенттермен танысып, пікір алмасып жатырмыз. Бұл хакатонның серіктесі - OpenAI компаниясы, сондықтан да бұның маңызы өте зор, – дейді ол.
Оның айтуынша, команда хакатон барысында ұсынылған инфрақұрылымды пайдаланып, белгілі бір міндетті орындайтын прототип жасауы керек.
– Топта үш адамбыз. Адамзатқа пайда әкелетін прототиптерді ойлап табуымыз керек. Егер хакатонды ұтатын болсақ, сол қаражатты өз жобамызды жақсартуға, жетілдіруге жұмсаймыз, - деді ол.
Жеңімпаздардың жобасы компанияларда қолданылуы мүмкін
HackAlem AI-дың жалпы жүлде қоры – 200 мың доллар. Оның 100 мың доллары 10 жеңімпаз командаға беріледі. Тағы 100 мың доллар жетекші жасанды интеллект модельдерін қолдануға мүмкіндік беретін API-кредиттері түрінде ұсынылады. Дегенмен ұйымдастырушылар хакатонның нәтижесі ақшалай жүлдемен ғана өлшенбейтінін айтады. Үздік деп танылған шешімдер тапсырма берген компаниялар мен ұйымдарда іс жүзінде енгізілуі мүмкін.
– Жеңімпаздар тек ақшалай сыйлық алып қана қоймай, өз шешімдерін сол жобалар әзірленген компанияларда тікелей енгізуге мүмкіндік алады. Сондықтан бағалау кезінде нақты өндірістік және экономикалық міндеттерді шешуге қабілетті жобаларға басымдық беріледі, - деді Silk Road Innovation Hub бас директоры.
Әлемдік рекорд жаңара ма
HackAlem AI ұйымдастырушылары бұған дейін Үндістанда Google өткізген хакатонда орнатылған рекордты жаңартуды көздеп отыр. Қазір HackAlem AI қатысушылар саны ең көп Agentic AI-хакатоны ретінде Guinness World Records рекордына ресми түрде үміткер.
– Егер бәрі сәтті өтсе, екі-үш күн ішінде хакатонымыздың әлемдегі ең ірі хакатон мәртебесін алған-алмағанын білетін боламыз. Хакатон AI Month аясындағы алғашқы іс-шара болды. Жасанды интеллект айлығы аясында шамамен 20 іс-шара өткізіліп, оларға 100 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарлапи отырмыз, - деді Әсет Әбдуалиев.
Ұйымдастырушылар хакатонның мемлекеттік бюджет қаражатынсыз, демеушілік және жеке қаражат есебінен өткізіліп жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, Әсет Әбдуалиев хакатонды Қазақстандағы жасанды интеллект инфрақұрылымының дамуымен де байланыстырады. Оның айтуынша, елде NVIDIA чиптері негізінде жасалған екі суперкомпьютер жұмыс істейді және олар әлемдегі ең қуатты 500 суперкомпьютердің қатарына кіреді.
– Елімізде есептеу қуаты мен жасанды интеллект технологиялары жаңа стратегиялық ресурсқа айналып келеді. Осы бағыттағы инфрақұрылымның дамуы Қазақстанға AI технологияларын ел ішінде қолданумен қатар, әзірленген шешімдер мен тәжірибені сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік бере алады, - деді ол.
Айта кетейік, хакатон финалистері 29 қыркүйекте Demo Day аясында өз жобаларын таныстырады. Ал HackAlem AI жеңімпаздарын марапаттау 1 қазанда Digital Bridge аясында өтеді.