Әлемдік теңіз саудасының өсімі екі есе баяулады
АСТАНА. KAZINFORM — Геосаяси шиеленіс пен климаттық факторлар әлемдік теңіз саудасының дамуын тежеп отыр. БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) болжамынша, саладағы өсім тек 2027 жылы қайта жанданады. Бұл туралы БҰҰ жаңалықтар қызметі хабарлады.
ЮНКТАД-тың жаңартылған шолуына сәйкес, 2025 жылы теңіз көлігімен тасымалданған жүк көлемі 12,3 млрд тоннаға жетті. Алайда теңіз саудасының өсу қарқыны 1,9%-ға дейін баяулаған. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен екі есе төмен.
2026 жылы әлемдік сауданың төрт негізгі көлік дәлізіне – Ормуз бұғазы, Қызыл теңіз, Қара теңіз және Панама каналына қысым күшейді. Осыған байланысты ЮНКТАД биылғы жылдың қорытындысы бойынша теңіз саудасының өсімін болжап отырған жоқ. Ал 2027 жылы тасымал көлемі 3,2%-ға артуы мүмкін.
Сонымен қатар өткен жылы Азия, Африка, Таяу Шығыс және Латын Америкасы елдері арасындағы контейнерлік тасымал көлемі 12,1%-ға өсті. Бұл әлемдік контейнерлік тасымал өсімінің үштен біріне жуығын қамтамасыз етті.
Кеме қатынасындағы іркілістердің салдарын ең аз дамыған елдер мен шағын арал мемлекеттері қатты сезініп отыр. Жанармай, тасымалдау және өндіріс шығындарының қымбаттауы азық-түлік бағасының өсуіне және инфляцияның жеделдеуіне әкелуде.
ЮНКТАД мәліметінше, Ормуз бұғазындағы іркілістерден кейін құны 100 млн доллар болатын танкерді әскери тәуекелдерден сақтандыру құны бірнеше күн ішінде бір рейс үшін 200 мың доллардан 1 млн долларға дейін өскен.
Қазіргі уақытта әлемдік тауар саудасының 80%-дан астамы теңіз көлігі арқылы жүзеге асырылады. 2026 жылы тасымал көлемінің өсуі күтілмегенімен, теңіз бағыттарының жалпы ұзындығы 1,5%-ға артуы мүмкін.
Тәуекелдерді азайту үшін ЮНКТАД сарапшылары азық-түлік пен жанармайдың бірлескен қорларын құруды, сондай-ақ балама сауда бағыттары мен кедендік рәсімдерді алдын ала келісуді ұсынады.
Бұған дейін Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының мәліметінше, Ормуз бұғазы маңында мұнай танкері минаға соғылып, өртенгені хабарланған болатын.