Әлемге әйгілі әнші Плачидо Доминго Орталық Азиядағы тұңғыш концертін Астана күніне арнайды

АСТАНА. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Шілденің 5-і күні әлемге әйгілі тенор, опера әншісі Плачидо Доминго Орталық Азия аймағындағы тұңғыш концертін Астана қаласының 11 жылдық мерекесіне орай Тәуелсіздік сарайында өткізеді,

Әлемге әйгілі әнші Плачидо Доминго Орталық Азиядағы тұңғыш концертін Астана күніне арнайды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ерлан Ыдырысов: «Плачидо Домингоның Қазақстанға өнер сапары ? біздің халықтың музыкалық мұрасының бай екендігін дәлелдейді және әншінің Қазақстанға, оның өнері мен мәдениетіне деген құрметі. Дүниежүзілік деңгейдегі майталман әншінің бұл концерті бүгінде Қазақстанның аймақта көшбасшы екенінің дәлелі», - деді. Мәртебелі мейманның өнер кешін Астана қаласының Мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрі сүйемелдейді. Оған халықаралық дәрежедегі дирижер Юджин Кон жетекшілік етеді. Плачидо Доминго «Астана қаласында ұлттық мереке барысында концерт беретінім мен үшін үлкен мәртебе. Орталық Азия аймағындағы алғашқы сапарымды осынау ғажайып елден бастағалы отырмын», - деді. Ол Испанияның Мадрид қаласында 1941 жылы қаңтардың 21-і күні әншілер отбасында дүниеге келді. Ата-анасы Мадридте сарсуэла жанрының (опереттаның испандық нұсқасы) танымал орындаушылары ретінде құрметтелетін. Домингоның әншілік жолы сегіз жасында басталды. Ол алғаш анасымен бірге ән айтып, ата-анасының труппасында баритон дауысқа арналған шағын операларды шырқады. Кейіннен әлемнің барлық басты опера театрының сахналарында ән шырқады. Оның ішінде Миланның Ла Скала театрында, Венаның Саатс-операсында, Лондонның Королдік опера театрында, Париждің Ұлттық опера театрында, Чикагоның лирикалық опера театрында, Вашингтон Операсында, Барселонаның Лицеу театрында, Буэнос-Айрестің Колумб атындағы театрында, сондай-ақ Мадридтің Театро Реалында және Мюнхеннің Байериш Стаатс-опера театрында, Зальцбург пен Бейрут фестивальдарында тамылжыта ән салған. Домингоның репертуарында 130 рөл бар. Мұндай табысқа опера тарихында әлі ешбір әнші жетіп көрмеген. Оның сыртында, Доминго 100-ден астам ариялар комиляциясын, дуэттер мен басқа да жанрларда нөмірлі дискілер жаздырған. Он бір рет «Грэммимен» және екі рет «Латын грэммиімен» марапатталған.