Әлемге танымал анимациялық фильмнің жалғасы қазақ тілінде көрсетіледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Ойыншықтар хикаясы 5» анимациялық фильмінің жабық көрсетілімі өтті.
Disney компаниясының әлемге танымал туындысын енді қазақстандық көрермен кинотеатрлардан қазақ тілінде көре алады. Дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаевтың айтуынша, бұл фильмде көпшілікке сүйікті кейіпкерлер жаңа қырынан ашылады. Туындының негізгі ойы — жаһандану мен цифрландыру дәуірінде бала тәрбиесінің маңызы.
— Бесінші бөлімінің де сәті келді. Бұл — өзі ешқашан бір таусылмайтын, үнемі жаңа қыр таба білетін франшиза. Мына жаһандану, цифрландыру, жаңа гаджеттер дәуірінде онлайн өмір мен әлеуметтік желілер әлі санасы бекімеген, бұғанасы қатпаған балалар үшін қаншалықты кері әсер тудыратыны туралы ойды жақсы қозғайды. Осы жағдаймен бала емес, әке-шешесі емес, осы ойыншықтар күреседі. Туынды қазіргі заманда өз баласын осындай гаджет, сосын цифрлық буллингтен қорғай алмаған ата-аналарға бір сабақ болады деп ойлаймын, — деді ол.
Әйгілі мультфильмді қазақ тілінде дыбыстауға Зарина Кәрмен, Асан Мәжит сынды театр және кино әртістері атсалысқан.
Еске салайық, 2025 жылы Disney студиясы «Аватар: От пен күл», «Элио», «Лило мен Стич» және «Аңдар шаһары 2» фильмдерін қазақ тіліне дубляждады. Оған дейін әлемдік кинокомпания «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша» атты туындыларын қазақ тіліне аударуға тапсырыс беріп, дубляж жұмыстарын қаржыландырды.