Әлемге танымал кәсіпкер стартаптарды дамытуға қатысты кеңес берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің жұмысын ресми іске қосу шарасы кезінде «The Startup Owners Manueal» тең авторы, кәсіпкер Боб Дорф стартаптарды дамытуға қатысты кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кәсіпкерлікке Үкімет тағы да қандай көмек жасай алады? Бірінші кезекте Үкімет стартаптарға инвестор болуға тырыспауы, сондай-ақ стартап хабтың түрлі жобаларына шенеуніктердің қатысуға талпынбауы қажет», - деп тоқталды танымал кәсіпкер.
Сонымен қатар, ол Қазақстанда ІТ-стартаптар саласында қажетті қадамдар жасалып жатқанын, сәйкесінше, инвестициялар мен адами капиталға ерекше көңіл бөлініп отырғандығын атап өтті.
«Негізінен, жаңадан Google және Facebook ойлап табуға тырысудың қажеті жоқ. Бұл тұрғыда жастар энергиясы мен инвесторлар мүмкіндіктерінің өзара жақсы байланысын қамтамасыз етуге тырысыңыздар. Яғни, инвесторлар таланттар мен стартаптарды оңай табуы керек. Стартаптар еркіндікті жақсы көреді, осы орайда бұл салада салықтық еркіндік беру керек. Бұның нәтижесінде олар Қазақстан экономикасына қомақты табыс алып келеді», - деді Боб Дорф.
Айта кетейік, Боб Дорф 5 қазан күні Астанадағы «Digital Bridge» халықаралық инновациялық форумына қатысқан болатын.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің жұмысын ресми іске қосу шарасы өтті.
Салтанатты шара барасында Президент 2019 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда жаңа ІТ-университет жұмыс істейтінін мәлім етті.
Айта кетейік, Astana Hub миссиясы - ел экономикасын нығайту үшін стартап-мәдениетті дамыту және жоғары технологиялық жобаларды қолдау. Алдағы уақытта технопарк Қазақстан инновациясының экожүйесін дамытудың өзегі әрі локомотивіне айналып, технологиялық бизнесті дамыту үшін халықаралық деңгейде мойындалған хаб болуы қажет. Жалпы Astana Hub 2022 жылға қарай стартап-резиденттерді инвестициялау көрсеткішін 67 млрд теңгеге жеткізуді мақсат етіп отыр.