Әлемге танымал ресейлік пианисші Д.Мацуев Астана төрінде жеке концертін берді

АСТАНА. Шілденің 4-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін кешқұрым, еліміздің бас қаласында орналасқан «Қазақстан» Орталық концерт залында аты әлемге танымал ресейлік пианисші Денис Мацуевтің Астананың 12 жылдық мерейтойына арнаған жеке концерті өтті.
None
None

Д.Мацуев бірегей сәулет дизайны бойынша тұрғызылған жаңа концерт залының сахна төрінен Шуман, Чайковский, Шопен, Рахманинов пен тағы басқалардың бірқатар шығармаларын орындады.

Классикалық музыканың шебері Д.Мацуев, бір жылда әлем бойынша 165 концерт береді.

Журналистерге берген сұхбатында атап көрсеткендей, оның тығыз шығармашылық өмірінде бос уақыты болмайды. Ол концерт барысында демалатынын, ал бос уақыты шығып жатса, теннис пен футбол ойнап, орыс моншасынан бас тартпайтынын айтты.

Астанаға екінші рет ат басын тіреп отырған пианисші: «Қазақстанда мәдени дәстүрлер өте мол. Астана жас болғанымен, барлық салада тәжірибе жинап үлгерген. Қысқа мерзім ішінде мүмкін емес деңгейге жетіп, кез-келгенді таңдандыратын алып шаһарға айналды», - деді.

Д.Мацуев сондай-ақ жаңадан бой көтерген «Қазақстан» Орталық концерт залы мен оның акустикасы тамаша ойластырылғанын жеткізді. «Мен әдетте жаңа тұрғызылған ғимараттарға сескене қараймын. Астананың Орталық концерт залында микрофонсыз-ақ ойнауға болады. Менде алдағы уақытта оркестрмен бірге гастрольге келсем деген ой туындады», - деп атап өтті ол.

Соңғы жаңалықтар