Әлемге жаңа компьютерлік вирус қауіп төндіруде
АСТАНА. 21 қазан. ҚазАқпарат - Symantec компаниясының компьютер қауіпсіздігі жөніндегі мамандары иран ядролық бағдарламасының бүлінуіне қауіп төндірген белгілі Stuxnet вирусына ұқсас жаңа вирус тапты.
Duqu жаңа вирусы еуропалық компаниялар мен ұйымдардың бірқатар компьютерлерінен табылды. Оның мақсаты ақпарат жинаудан тұрады. Мамандардың сөзіне қарағанда ол 36 күннен кейін өзін өзі жоятын көрінеді, деп хабарлайды ВВС Орыс қызметі.
«Stuxnet вирусынан айырмашылығы Duqu басқару жүйесіне кiру үшiн код сұрамайды және өзінен өзі көбеймейді», - делінген компанияның мәлімдемесінде.
Былайша айтқанда, бұл вирус өндірістік нысандардың компьютерлік желілеріне шабуылдау үшін емес, келесi диверсиялар үшiн қолданылуы мүмкін ақпараттарды жинау үшін жасалған.
Symantec компаниясының бас технологы Грег Дэй Duqu өте күрделі вирус екенін Би-би-си-ге хабарлады.
«Бұл жасөспірімдер ойлап тапқан вирус емес, мұнда ең соңғы технология қолданылады, ал бұл дегеніңіз, оны нақты пайдалана білетін біреу жасаған деген сөз», - деп есептейді ол.