Әлемнің 1-ракеткасы Ига Швентек Майами мастерс турниріне қатыспайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек АҚШ-тағы Майами WTA 1000 турниріне қатысудан бас тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннисшінің өзі Инстаграмдағы парақшасында мәлім еткеніндей, бұған Индиан-Уэллс мастерс турнирінде жамбасынан алған жарақаты себеп болған.

«Бұл өте қиын шешім болды, әйтсе де денсаулық бәрінен маңызды. Дохада және содан кейін күшті жұқпамен күрестім. Одан соң маған ойнауға рұқсат берді. Алайда, қатты жөтел қабырға жарақатына әкеп соқты. Өкінішке қарай, ауру басылар емес. Менің дәрігерім емдеу жоспарын әзірледі. Сондықтан, қалпыма келу үшін үзіліс керек», - деп жазды И. Швентек.

Ол сондай-ақ, Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу кезеңінде сәуір айында Астанада өтетін Қазақстан - Польша матчына да келмейтінін жария етті.

Индиан-Уэллс мастерс жарысында И. Швентек жартылай финалда қазақстандық Елена Рыбакинаға 2:6, 2:6 есебімен жол берген еді.

Майами додасы 21 наурызда басталды. Онда өткен жылғы чемпион И. Швентек екінші айналымда америкалық Клэр Люмен ойнауы керек болатын. Енді оны лаки-лузер Юлия Грабер алмастырады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Майами мастерс турниріндегі қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар
telegram