Әлемнің 120-дан астам елінде тауардың шығу тегі туралы сертификатты Сауда-өнеркәсіп палатасы береді
АСТАНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Сауда-өнеркәсіп палатасына тауардың шығу тегі туралы сертификатты рәсімдеу қызметі берілсе экспорт тоқтайды немесе жүрмей қалады деген бекер әңгіме.
Бұл туралы бүгін Ұлттық баспасөз орталығында болған мәжілісте ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Мұхтархан Бияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, Беларус пен Ресей мемлекеттерінде де Сауда-өнеркәсіп палатасы тауардың шығу тегі туралы сертификатты беріп отыр. Аталған елдердің экспортқа, соның ішінде Еуропаға шығарған тауарлары сертификаттың «А» формасында кедергісіз жөнелтілуде.
«Жалпы ТМД бойынша, тіпті мына көрші Қырғыз елінде де бұл қызметті палата атқарып отыр. Дүниежүзілік сауда палатасы деген ұйым бар. Сол ұйымның ұсынысымен 1920 жылы алғаш рет тауардың шығу тегі туралы сертификат шыққан болатын. Содан бергі уақытта аталған қызметті әлемнің 120-дан астам елінде Сауда-өнеркәсіп палатасы жүзеге асырып отыр», дейді М.Бияров.
Айта кетейік, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда-өнеркәсіп палаталары қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң ағымдағы жылы қазанның 22-де күшіне еніп, ҚР сауда-өнеркәсіп палатасы тауардың шығу тегі туралы сертификат беретін болады.