Әлемнің 200-ден астам түркітанушы ғалымдары Астанадағы конференцияға қатысуда

АНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Түркі өркениеті және тәуелсіз Қазақстан» атты халықаралық конференцияның жұмысы басталды.

Әлемнің 200-ден астам түркітанушы ғалымдары Астанадағы конференцияға қатысуда

Бұл жиынға 18 елдің 200-ден астам түрколог ғалымдары қатысуда. Оның ішінде түркі мемлекеттерінің Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, сондай-ақ Ресей Федерациясының құрамындағы Татарстан, Башқұртстан, Чувашия, Хақасия сияқты елдерден және Батыс Еуропаның Венгрия елі мен Ресейдің Мәскеу қаласынан әйгілі түрколог ғалымдар келген.

«Біз бүгін Астанада түркология ғылымының дамуына жаңа серпін беру мақсатында отандық және шетел ғалымдарының басын қосып отырмыз. Тәуелсіз Қазақстанда түркі әлемінің ықпалдастығына үлкен маңыз беріледі. Біздің ортақ байланыстырымыз көп»,-деді конференцияның ашылу салтанатында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов.

Бұл айтулы іс-шараның тарихи, мәдени, ғылыми маңызы, халықаралық саяси рөлі айырықша екендігін атап өткен министр, «халықтар арасындағы экономикалық, адамдық, өнеркәсіптік, мәдени және ғылыми қарым-қатынастардың дамуы мен күшеюі - біздің ортақ болашағымыздың мызғымас негізі» екендігіне баса назар аудартты.

3 күндік конференция барысында ғалымдар түркі ғылымы саласындағы байланыстарды кеңейту, осы бағыттағы зерттеулерді дамыту, әлемдік және қазақстандық түркологияны бағамдау тақырыптарында сұхбат жүргізеді.

Аталған халықаралық конференция ҚР Білім және ғылым министрлігі Халықаралық түркі академиясының ұйымдастыруымен өтуде.

Еске сала кетейік, өткен жылы ҚР Президенті Н. Назарбаев түркітілдес мемлекеттердің басшыларымен келісе отырып, Астана қаласында Халықаралық түркі академиясын ашты. Елбасы оның алдына түркі өркениетінің адамзат мәдениетінде алатын орнын әлемдік үдерістердің аясында пайымдауды міндеттеген болатын. Аз уақыт ішінде түркі халықтарының тарихына, тіліне, әдебиеті мен өнеріне арналған 40-тан астам іргелі монографиялар даярланды. Олардың ішінде академик М. З. Зәкиевтің (Татарстан), профессор А. В. Дыбо (Ресей ғылым академиясы), профессор Д. Д. Васильев (РҒА), Н. И. Егоров (Чувашия) сынды ғалымдардың еңбектері бар. Алдағы уақытта бұл еңбектер серия түрінде жарыққа шықпақ.