«Әлемнің 30 елінің қатарына ену - біздің қолымыздан келеді» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 26 қаңтар, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Әлемнің 30 елінің қатарына ену - біздің қолымыздан келеді» - баспасөзге шолу

***

«Қазақстан Республикасының Конституциясы және Мемлекеттік қызмет жөніндегі заңнамаға сәйкес жаңадан тағайындалған саяси мемлекеттік қызметкерлер, жоғары лауазым иелері ел халқы мен Президентіне өздеріне жүктелген міндетті адал және әділетті атқаратындығы туралы ант берді. Салтанатты жағдайда берілген антты Президент Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газеті сенбілік санында «Заңдылық пен әділеттіліктен айнымаймыз» деген тақырыппен берілді. «Салтанатты ант беру рәсімі мемлекеттік қызметшіге өте үлкен жауапкершілік жүктейді. Президенттен бастап барлық мемлекеттік қызметшілер халқына осылай ант беріп, өздеріне жүктелген міндетті әділетті және жан аямастан атқаратынына сендіреді. Тәуелсіз елімізге, туған халқымызға адал қызмет ету - баршамыздың міндетіміз. Ант берген барлық лауазымды қызметкерлер мемлекеттік билікке барлық күш-жігерін жұмсауға тиіс. Саяси мемлекеттік қызметші болу - мәртебелі міндет. Әсіресе, бүгінгі мемлекеттік қызметке реформа жасап отырған кезде оның маңыздылығы тіпті артып отыр», - деді Президент.

«Елді ұшпаққа шығарады деген мемлекеттік мекемелердің төрінде отырып, жымысқы әрекеттерін жалғастырып жатқан шенеуніктерді анықтау оңай емес. Тек олардың жасырын сыбайласқан әрекетінен ел әбден зардап шегіп, адал адамдар барынан айырылғанда ғана жемқорлардың жегені білініп қалады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Бұл дертке қарсы күрес күшейтілуі тиіс» деген тақырыптағы мақаласында. Мәселен, ТЖМ сыбайластық жөніндегі мемлекеттік органдардың алғаш­қы бестігінен орын алған. 2011 жылы ТЖМ қызметкерлері тарапынан жасалған сыбайлас жемқорлық сипаттағы қылмыс көрсеткіші 37 деректі құрады. Енді келесі жылы бұл жағымсыз көрсеткіш төмендеген шығар деп ойлайсыз ғой. Жоқ, төмендемек түгілі сол күйінде де тұрмады, керісінше, көбейіп кетіпті. Төтенше жағдайлар жемқорлары «Құласаң нардан құла» дегендей, 2012 жылдың 11 айы ішінде сыбайлас жемқорлық әрекетті 46-ға өсіріп жіберген.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында Мәжіліс депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі Виктор Киянскиймен арадағы сұхбат «Әлемнің 30 елінің қатарына ену - біздің қолымыздан келеді» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген халық қалаулысы: «Экологиялық жағдайды жақсарту мақ­сатында су мәселесін реттеуге баса көңіл бөлуіміз керек. Су - тек біздің ғана емес, ХХІ ғасырдың, барлық елдердің басты проб­лемасы. Біз қазіргі таңда кіші өзен­дерге, арықтарға ерекше мән бермей отырған сияқтымыз. Негізінен ауылдарды шағын өзендер асырап отыр. Біз еріген қардың суын сақтау дәстүрін қайта жаң­ғыртуымыз қажет», - дейді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында жастар қызығып оқитын әлемнің ең үздік 100 кітабын қазақ тіліне аудару мәселесін тілге тиек еткен болатын. Президенттің бұл ұсынысы жастар арасында қызу қолдау тауып, «Жас Отан» жастар қанаты «Кел, жастар, оқылық» республикалық шарасын бастап та кетті. Осыған орай «Айқын» газеті «100 кітаптың ішіне қандай еңбектер енуі тиіс?», «Жастарды қандай кітаптар қызықтыруы мүмкін?» деген сұрақтарға жауап алу үшін мамандар пікіріне жүгінген. Мамандар пікірі «100 кітаптың ішіне қандай еңбектер енуі тиісі?» деген тақырыпқа топтастылырған.

***

«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның облыс әкімдерімен бірқатар кездесу өткізді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы облыс басшыларына республиканың барлық өңі­рін­де жұмыспен қамтуды, ха­лық­тың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету жөнінде бір­қатар нақты тапсырма берді, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде алға қойылған барлық мақсаттар мен міндеттерді сапалы іске асыру қажеттігін атап өтті.