«Әлемнің ару әйелі - 2013» байқауында еліміздің намысын алты баланың анасы қорғамақ
АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат - Еліміздің хас сұлу аруы Виктория Момынбаева Қытайда өтетін «Әлемнің ару әйелі - 2013» бәйгесіне жол тартпақ.
Бұл туралы «Экспресс К» газеті жазып отыр.
Алтын тәж үшін әлемнің 70 үміткері бақ сынаспақ.
Байқау 27 қыркүйек күні Гуанчжоу қаласында басталады. «Қазақстанның ару әйелі - 2011» атағын иеленген Виктория Момынбаева көрерменді әрі қазыларды ұлттық үлгідегі киімімен тәнті етпек. Ол еліміздің атақты дизайнері Аида Қауменованың қолынан шыққан туынды.
«Стильге тоқталатын болсақ, байқау көйлегінің дәстүрі сақталды. Олардың түстеріне ерекше көңіл бөлініп, көк, көгілдір, қола түстер үйлеспек», - дейді модельер Аида Қауменова.
Дизайнер ұлттық нақыштағы көйлекті тігуге бір жыл уақытын жұмсаған.
Айта кеткен ләзім, хас сұлу Виктория Момынбаева алты баланың анасы. Ол көп балалы ана ретінде «Күміс алқаны» тағынған.