Әлемнің белді ғалымдары Астанада «жасыл» технология мәселелерін талқылайды

Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Оксана Лоскутова хабарлағандай, 12-13 шілде күндері елордада «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы» атты халықаралық форумы өтеді. Жиын «жасыл» экономика саласында заманға сай технологияларды енгізу бойынша халықаралық тәжірибемен алмасу, даму мен бизнесті «көгалдандыру» мәселелерін талқылау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Форум аясында Париж климаттық келісімін іске асыру және «жасыл» қаржыны мобилизациялау үшін төмен көміртекті технологиялар мен саясат мәселелері талқыланбақ.
ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз хатшысы Рауан Есқалидің айтуынша, іс-шара шеңберінде халықаралық институттармен және компаниялармен меморандумдарға қол қою жоспарлануда. Мұндағы мақсат - «жасыл» технологиялар дәуірі жолында даму мен жаңғыруды жеделдету үшін Қазақстанда экология бағытындағы экономикаға сенімді платформаны орнату.
«Форумға Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг, Пәкістанның климатты өзгерту жөніндегі федералды министрі Захид Хамид, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Норимаса Шимомуро және басқа да халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың жоғары лауазымды тұлғалары келеді. Бұдан бөлек, форумға қатысушылар Ақмола облысы, Аршалы ауданы Арнасай ауылындағы «Арнасай» Жасыл технологиялар орталығына барады. Ол жерде инноваторлар мен жастардың қатысуымен «жасыл» технологиялар көрмесі өтеді», - дейді Рауан Есқали.
Аян Бекенұлы