Әлемнің ғылыми орталықтарында тәжірибеден өту үшін жыл сайын 500 ғалымға жолдама беріледі - Тоқаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл сайын 500 ғалымға әлемнің басты ғылыми орталықтарында тәжірибеден өту үшін жолдама беріледі. Бұл туралы бүгін Алматыда студенттермен және жас ғалымдармен кездескен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

«Біз университеттерде ғылымның дамуына жағдай жасауымыз керек. Жас ғалымдарды қолдау шаралары күшейді. Биылдың өзінде 2 мыңнан астам жас ғалым грант арқылы ғылыми зерттеу жүргізуге мүмкіндік алды. Жыл сайын 500 ғалымға әлемнің басты ғылыми орталықтарында тәжірибеден өту үшін жолдама беріледі»,-деді Президент.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Қазақстан әлемдік аренада бәсекеге қабілетті болуы үшін тек үйренетін емес, үйрететін елге де айналуға тиіс екенін, яғни жастарымыз жаһандық деңгейдегі жаңа жобаларды жүзеге асырып, ғылыми жаңалық ашуы керектігін атап өтті. Жаңа патенттер, стартаптар, финтех компаниялар Қазақстанның заманауи брендіне айналуы қажет.

«Қазір әлемде life-long-learning деген ұғым кең тарап жатыр. Яғни, өмір бойы оқу деген сөз. Бұрынғы «Бір дипломым – бүкіл өміріме азық» деген ұстаным ескірді. Әрбір адам еңбек нарығына қажет қабілеттерді меңгеріп, заманға бейімделе алса, әрдайым сұранысқа ие болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Фото: akorda.kz

Соңғы жаңалықтар