Әлемнің көптеген елінің Қазақстаннан үйренері мол - грекиялық IPho қатысушысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемнің көптеген елінің Қазақстаннан үйренері мол. Бұл пікірді ҚазАқпарат тілшісіне осы күндері елордада өтіп жатқан Физикадан 45-ші халықаралық олимпиадаға қатысушы Грекия Зои Цангалиду білдірді.
«Астанадағы олимпиада керемет ұйымдастырылған. Бүкіл әлем оқушылары өз әлеуетін көрсетуге, сонымен бірге Қазақстанға келуінің арқасында тамаша әсерге бөленуге мүмкіншілік алып отыр. Сіздердің елдеріңіздің қарқынды дамуы әрі адамдардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдайдың жасалып жатқандығы анық байқалады. Меніңше, әлемнің көптеген елінің Қазақстаннан үйренері көп», - дейді ол.
Сонымен қатар ол елордаға тағы да міндетті түрде келетіндігін атап өтті. «Қалаға жасаған саяхатымыз барысында көптеген құрылыс нысандарын көрдік. Сондықтан да енді 5 жылдан кейін сіздердің астаналарыңызды тағы бір мәрте көру қызықтырады. Бұл қалаға тағы да келетіндігіме сенімдімін. Оның үстіне бұл жақтан көптеген достар таптым», - дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, астанада өтіп жатқан Физика пәнінен 45-ші халықаралық олимпиадаға әлемнің 85 елінен делегаттар қатысуда. Білім сайысын ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталық ұйымдастыруда.