Әлемнің нейроанестезиолог мамандары қазақстандық дәрігерлерге шеберлік сабақтарын өткізбек

АСТАНА. 2 қыркүйек. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Israel Medikal Association Society of Neuroanesthesia and Critical Care (SNACC) қауымдастығының белсенді мүшелері, профессорлар Йорам Шапира мен А.Злотник, Қазақстан дәрігерлеріне нейроанестезиологияның қазіргі заманғы әдіс-тәсілдері бойынша шеберлік сабақтарын өткізбек.

Әлемнің нейроанестезиолог мамандары қазақстандық дәрігерлерге шеберлік сабақтарын өткізбек

Шеберлік сабақтар қыркүйектің 5-10 күндері аралығында«Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы» АҚ-да өтеді.

Соңғы жылдары отандық нейрохирургияда анестезиологиядағы, реаниматология мен қарқынды терапиядағы заманауи технологияларды қарқынды енгізу байқалып отыр. Алайда анестезиология мен реаниматологияда сырқаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемасы қашан да өзекті болып қала береді. Теориялық сұрақтардың жауабы қолжетімді әдебиеттерде жеткілікті түрде қамтылмаған, республикамыздың өңірлеріндегі анестезиолог-реаниматологтарды практикада дайындау деңгейі де жеткіліксіз.

Осыған байланысты «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ «Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы» АҚ базасында анестезиологтар-реаниматологтар мен нейрохирургтарды оқыту дәрістерін өткізеді. Шеберлік сабақтарға Қазақстанның өңірлеріндегі медициналық мекемелерде жұмыс істейтін 20-дан астам анестезиолог-реаниматологтар мен нейрохирургтар қатысады.

Бес күн бойы нейрохирургия, нейроанестезиология мен нейрореанимация саласындағы жетекші мамандар бас сүйек ішіне қан кеткен науқастарды диагностикалау мен емдеудің аса өзекті мәселелеріне арналған 10 дәріс оқиды. Онымен бірге, нейрохирургиялық көрсетілім операцияларын анестезиологиялармен қамтамасыз ету жүргізілетін болады.