Әлемнің үздік 35 таэквондошысы Астанаға ҚР-да алғаш ұйымдастырылып жатқан WTF гран-при жарысына келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 29-31 тамыз күндері Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде Отандық спорт тарихында тұңғыш рет таеквондоның олимпиадалық нұсқасы (WTF) бойынша Бүкіләлемдік Гран-при өтеді.
None
None

Аталған бәсеке халықаралық күнтізбедегі ең беделді жарыстардың бірі болып саналады, турнирдің деңгейі құрлықтық біріншіліктер мен құрлық Ойындарына пара-пар. Гран-приге әлемдік рейтингте тек үздік 35 спортшының тізіміне енгендер ғана қатысуға шақырылады. Бүгінгі күні Астанадағы турнирге командаларды тіркеу аяқталды. Қатысушы елдер саны - 50, олардың арасында Корея, Иран, Ресей, АҚШ және тағы басқа әлемдік лидерлер бар, қатысушылар саны - 209, қонақтардың арасында әлем чемпиондары мен Олимпиада Ойындарының жеңімпаздары аз емес.

ҚР Таэквандо федерациясының баспасөз хатшысы Назерке Сұлтанбайдың айтуынша, Бүкіләлемдік Гран-при сериясы - Олимпиадалық салмақтар бойынша әлемдік рейтингтің үздік 35 спортшысының тізіміне енгендер ғана қатыса алатын турнирлер. Қазақстан өткізуші ел ретінде рейтингтен тыс әр салмақта бір қатысушыдан қосу мүмкіндігіне ие болды. «Соңғы рейтинг бойынша үздіктер тізімінде тек Феруза Ергешованың есімі ғана бар. Сол себеппен бас қаладағы беделді бәсекеде тоғыз қазақстандық спортшы бақ сынайды», - деді ол тілшімізге берген сұхбатында.

Астана-2014 Бүкіләлемдік Гран-приіне қатысатын Қазақстан құрамасы:

Ерлер.

58 кг - Нұрсұлтан Мамай

68 кг - Қайрат Сарымсақов

80 кг - Мақсат Абдрамбек

+80 кг - Смайл Дүйсебай

Әйелдер.

49 кг - Фариза Алдоңғарова

57 кг - Әсел Қойлыбай

67 кг - Гүлім Бибалаева

+67 кг - Феруза Ергешова, Мереке Жүнісова

Қазіргі уақытта Қазақстан командасы Щучинсктегі "Жақсы-2" спорт базасында дайындықтарын пысықтауда. Таеквондошыларымыз Астанаға 26 тамыз күні келетін болады.

Соңғы жаңалықтар