Әлемнің жас пианистері Астанада кездеседі

Осы шара шеңберінде балғын пианистер байқауына да дайындық жүргізіліп жатыр. Бұл жайында елорданың ресми сайтында хабарланған.
Байқаудың бастамашысы - белгілі музыкант, Ресейдің халық әртісі Денис Мацуев. «Фестиваль-байқау - ең алдымен Қазақстан мен Ресей аумағынан жас дарындарды іздеуге жол ашады. Байқау аясында халық арасынан үлкен сахнаның сәні болатын өнер иелерін табу ойымызда бар», - дейді белгілі пианист.
Пианиноның хас шебері халықаралық қазылар алқасын өзі басқармақшы. «Бұл байқауда «бармақ басты, көз қыстыға» жол бермейміз. Үздіктер ғана жеңімпаз атанатын болады», - деп уәде берді Д. Мацуев.
Біршама дайындық жұмыстары осы бастан жүргізіліп жатқандығын мәлімдеді байқауды ұйымдастырушылар. Өйткені алқа құрамына жан-жақтан белгілі өнер шеберлері келеді деп күтілуде. Сонымен қатар Астанаға бағын сынап көру үшін жан-жақтан жас пианистер де ағылмақ.
Жасөспірімдер байқауына қатысуға өтінім қабылдау 2013 жылдың қаңтарынан басталады. 15 жасқа дейінгі балалардың барлығы да өтінім жіберуге құқылы, дегенмен екі жас санатынан (кіші топ - 11 жасқа дейінгілер, жасөспірімдер тобы - 12 жастан бастап 15 жас аралығы) тек ең дарынды 30 өнерпаз іріктеуден өтетін болады.
Фестиваль шеңберінде байқаудан басқа әлем музыкасы шеберлерінің концерті, шеберлік сабақтары және танымал композитор, музыканттармен кездесулер ұйымдастырылатын болады.