Әлеуметтанушылар конгресінде қандай мәселелер сөз болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өткен әлеуметтанушылардың VI конгресінде әлеуметтану ғылымының бүгіні мен болашағы сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі форумда көтерілген басты тақырыптардың бірі - еліміздегі урбандалу процесі. Оның жарқын дәлелі ретінде Астана келтірілді. Аз ғана уақыт ішінде еліміздің әр өңірінен жиналған халық тұтас бір Елорданы құрады.
Одан бөлек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бүкіл қоғамды қамтуындағы әлеуметтану ғылымының рөлі сөз болды. Өйткені Елбасы айтқандай, бағдарламаның негізгі мақсаты - қоғамдық сананы өзгерту. Осы жолдағы әлеуметтанушылардың қызметі, қандай жұмыстар атқарылғаны тілге тиек етілді.
Әлеуметтанушы мамандардың айтуынша, аталған ғылымның дамуының тағы бір дәлелі - осыдан 10-15 жыл бұрын елімізде әлеуметтік қызмет көрсететін 2-3 орталық қана болса, бүгінде 100-ден аса әлеуметтік орталық бар. Қазірде әлеуметтану ғылым ретінде де, қоғамды дамытуда қолданбалы сала ретінде де қарқынды дамып жатыр.
Осы салаға бөлінетін мемлекеттік білім гранттарының саны да артып келеді. Мысал келтірсек, еліміздегі беделді ЖОО-ның бірі - әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биыл әлеуметтану мамандығына 70-ке жуық студентті 1 курсқа қабылдады.
Сонымен қатар, елімізде әлеуметтанушы сарапшы мамандар саны аз емес. Бүгінгі форумда сол мамандардың алдында қандай мәселелер тұр, олар жұмыспен қалай қамтылады деген мәселелер көтерілді. Әрине, жұмыс орнының болуы экономика және нарықпен тікелей байланысты. Дегенмен, әлеуметтік зерттеулерге қарасақ, сала мамандарының қоғамда зерттейтін тақырыптары мен мәселелері артып келеді, демек бұл сала мамандарына сұраныс артпаса, кемімейді деген сөз.
Тағы бір айта кететін дүние - елімізде жуырда қолға алынған өзге тілден аударылатын «Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы бойынша, бүгінде 17 оқулық аударылса, соның 2-і - әлеуметтану ғылымына арналған.
Отырыс барысында заманауи әлеуметтанудың алдында тұрған қиындықтар жөнінде де сөз қозғалды. Атап айтсақ, әлеуметтік ғылыми жұмыстардың сапасының сын көтермеуі, одан қалды зерттеу жұмыстарының аз көлемде жүргізілуі, кең көлемде жүргізілгеннің өзінде қоғамдық қолданысқа енбеуі - саладағы өзекті проблемалар. Осыған байланысты шетелден келген сарапшы мамандармен өзара тәжірибе алмасу мәселесі көтерілді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін елордада әлеуметтанушылардың VI конгресі өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 200-ден аса әлеуметтану мамандарымен қатар, Ресей, Түркия, Жапония, БАӘ, Германия елдерінен делегаттар қатысты.