19:47, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері Семейде «дөңгелек үстел» басында талқыланды
СЕМЕЙ. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Лина Славина/ – Семейде атқарушы билік, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар өкілдері әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Әлемдік дағдарыс жағдайындағы жұмыссыздық проблемалары мен көпшілік қолды тауарларға деген бағаны ұстап тұру бойынша іс-шаралар кездесудегі талқылаудың басты тақырыбы болды.
Қатысушылардың пікірінше, экономикалық дағдарыстың алғашқы әсерін өнеркәсіп кәсіпорындары сезінді. Семейде қазіргі сәтте мыңға жуық адам қысқартылған тәртіп бойынша жұмыс істейді, ал кәсіпорындардың 300 қызметкері ақысыз демалысқа жіберілді. Еңбек рыногындағы жағдайды қалалық әкімдік ұдайы назарда ұстап отырады. Жұмыссыздар үшін қайта даярлық курстары ұйымдастырылған.
Инфляциялық үдерістерді ұстап тұруға айрықша көңіл бөлінуде. Қалада тамақ өнімдері бағасының өсуін бақылайтын штаб жұмыс істейді. Жасасқан меморандум аясында дәріханалардың иелері дәрі-дәрмектердің күрт өсуін болдырмауға қол жеткізді. Қала басшылығы шағын және орта бизнеске үлкен сенім артып отыр. Екінші деңгейлі банктер шағын және орта бизнеске несие беруді бастады. Қала әкімінің орынбасары Серікқали Оразалиевтің ақпараты бойынша, қаржыландырудың алғашқы желісі 750 миллион теңгені құрайды. «Дөңгелек үстел» барысында қоғамдық көліктің, денсаулық сақтау қызметінің және мектеп оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етудің бірқатар мәселелері қарастырылды.