Әлеуметтік корпорациялар 800 млн теңгеге азық-түлік жеткізу міндеттемесін орындамаған
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары 800 млн теңгеге азық-түлік жеткізу міндеттемелерін орындамаған. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандырудың қолданыстағы тетіктері тиісті нәтиже бермейді. Аффилирленген, мамандандырылмаған және қаржылық жағынан тұрақты емес компанияларға жеңілдікті қарыздар беріледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың келісімшарт жасалған көлемін жеткізуге бақылау жоқ. Қаражат нысаналы мақсатта пайдаланылмайды (банктердегі депозиттерге орналастырады, айналым қаражаты ретінде пайдаланады және тағы басқасы)», - деп атап өтеді Олжас Бектенов.
Мысалы оның дерегінше,«Ақтөбе» ӘКК басшылығы 2020 жылы бір ғана сауда нүктесі бар «Бриг» ЖШС-ға 500 млн теңге бөлген. Ал оның Ақтөбе қаласында да, облыстың аудандарында да сауда желісі жоқ.
«Осы жылдың басынан бері ғана ел бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 11,4 пайызға өсті. Ал әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың азық-түлік тауарларын жеткізу бойынша орындалмаған міндеттемелерінің сомасы 800 млн теңгеге жетті», - деді агенттік басшысы.