Әлеуметтік корпорациялар бюджет қаражатын депозитке салудан ғана табыс тапқан

АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар бюджет қаражатын банктерге депозитке салып қана табыс тапқан. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

Әлеуметтік корпорациялар бюджет қаражатын депозитке салудан ғана табыс тапқан

«ӘКК көпшілігінің пайдалылығы жалған (күмәнді) болып табылады. Өйткені ол, негізінен, банктердегі депозиттерге орналастырылған бюджет қаражаты бойынша пайыздардың есебінен, сондай-ақ балансқа берілген мемлекеттік мүлікті сатудан құралады. Мәселен, «Shymkent» ӘКК акцияларын төлеуге кадастрлық құны 2 млрд теңге болатын 70 жер учаскесі (200 гектар) берілді. Оның ішінде 29 жер учаскесі (36,7 га) кейіннен кәсіпкерлік субъектілеріне 5,89 млрд теңгеге қайта сатылды», - деді агенттік төрағасы.

Оның дерегінше, 2019-2021 жылдары ӘКК «табысты» деп аталатын банктердегі депозиттер бойынша пайыздар сомасы («Түркістан», «Ертіс», «Алматы», «Байқоңыр», «Тобыл», «Жетісу» және «Shymkent») 4,4 млрд теңгеге жетті. Ал жалпы пайда 5 млрд теңгені құрады.

«Талдау көрсеткендей, ӘКК-дегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің негізгі себебі – олардың қызметінің заңнамалық реттелмеуі, өңір басшысының тарапынан тиісті бақылаудың болмауы және жеке пайдакүнемдік мақсаттарға қол жеткізу үшін корпорациялардың жекелеген басшыларының іс жүзіндегі қасақана іс-әрекеттері. Бұл ретте өндірістік процестер, оның ішінде операциялық мәселелер ӘКК басшылығының қалауына қарай өзгеретін ішкі құжаттармен (қағидалар, нұсқаулықтар, ережелер, жарғылар) регламенттеледі», - деді ол.