Әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы реттелді - министрлік
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер порталының жұмысын реттеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі aleumet.egov.kz әлеуметтік қызметтер порталының жұмыс тәртібін реттейтін үш бұйрықты қабылдады. Егер бұрын техникалық оңалту құралдарын сатып алу мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес жүргізілсе, енді мүгедектердің жеке қажеттіліктерін ескере отырып, оңалту құралдары мен қызметтерін өздері таңдай алады. Олар сонымен қатар жеткізушілерді рейтингі, шолулар, ұсынылған тауарлардың бағасы мен сапасына қарай таңдай алады», делінген хабарламада.
Бұл қызмет ерекше қажеттіліктері бар 300 мыңнан астам адамға қызмет көрсете алады деп жоспарланған.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов атап өткендей, бірінші бұйрық жеткізушілерге порталда тіркеліп, тауарлар мен қызметтерді орналастыруға мүмкіндік береді. Енді мүгедектер портал арқылы арнайы әлеуметтік қызметтерді, сондай-ақ жеке іріктеуді қажет етпейтін техникалық оңалту құралдарының 55 түрінен 24 түрін таңдай алады. Қалған 31 түрі порталға 2021 жылдың қаңтарынан бастап енгізіледі, ал 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап - жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының және санаторийлік қызметтері ұсынылады.
«Екінші құжат жеткізушіге мүгедектер портал арқылы сатып алған тауарлар мен қызметтердің құнын өтеу тәртібін реттейді. Бұл пайдаланушыға жеткізушіге айырмашылықты төлей отырып, мемлекет кепілдік берген сомадан қымбат тауарларды сатып алуға мүмкіндік береді.
Үшінші бұйрық ТОҚ және әлеуметтік қызметтердің құнын өтеу ретінде ұсынылатын мемлекеттік кепілдендірілген соманы есептеуді реттейді», делінген хабарламада.
Әлеуметтік қызметтер порталы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту және қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында іске қосылған. Бүгінгі күні әлеуетті пайдаланушылардың 90% ЭЦҚ кілтін алған.
Қызмет «Мүгедектердің орталық дерекқоры», «Мобильді азаматтар базасы», «Әлеуметтік тіркелім», «Бірыңғай деректер қоймасы», «Еңбек келісімшарттарының бірыңғай жүйесі», «Жылжымалы мүлік тізілімі» және т.б. ақпараттық жүйелермен интеграцияланған.
Еске сала кетсек, бұдан былай м үгедектер жеке көмекшісімен тікелей келісімшарт жасайды.