Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын шектелген бағадан жоғары сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленеді - Ж. Айтжанова
азанның 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын шектелген бағадан жоғары сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленеді. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова осылай мәлім етті.
«Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын шектелген бағалардан жоғары сатқаны үшін, сонымен бірге тауарларды ірі дүкендерге сату жолында орын алып отырған кемсітушілік шектеу әрекеттеріне қарсы әкімшілік жауапкершілік белгіленеді. Аталған норманы енгізуге ішкі азық-түлік нарығында отандық тауарлардың ірі сауда жүйелеріне түсуіне дүкендер тарапынан шектеулер қою жағдайлары себеп болды. Мәселен, тауарлардың кірісіне ақы төлеу секілді жағдайлар отандық тауар өндірушілердің жұмысына кері әсер етеді», - деді Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова.
Министрдің айтуынша, заң жобасында «сауда қызметін дамытуға көмек көрсету» атты жаңа тарау қарастырылады. Бұнда жергілікті атқарушы органдарға бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруы жүктеліп отыр. Атап айтқанда, жергілікті сауда инфрақұрылымын дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, жергілікті сауда қызметкерлерін кәсіптік даярлау шаралары өңірдегі биліктің мойнына жүктеледі. Бұдан бөлек, әкімдіктерге отандық өндірушілердің азық-түлік тауарларын сататын субъектілерін экономикалық ынталандыру шараларын қолдану, шекара маңындағы сауданы реттеу міндеттері қойылады.