Әлеуметтік медициналық сақтандыру отандық медицинаны жаңа дейгейге шығарады
Дәрігерлік көмектің сапасы жақсы, пациенттердің емделу деңгейі және дәрігерлердің әлеуметтік жағдайлары жоғары. Пациенттер ағылып келіп жатқан клиникалардың жай-күйі қай жағынан қарасаңыз да өте жақсы. Дәрігерлер білігіне сай, қажеттілігіне орай жоғары жалақы алады. Әрі пациенттері де төлеген жарнасының қайда кеткенін біліп отырады. Оған олар осы сақтандыру жүйесі арқылы жетіп отыр.
Өркениетті мемлекеттердің әрбір азаматының денсаулығы үшін қалтасынан ақша төлейтіні қалыпты жағдайға айналған. Моральдық-психологиялық, экономикалық тұрғыдан ешқандай оғаштығы жоқ дүние. Еліміз аталған елдердің тәжірибелерін негізге ала отырып, ұлттық медицинаның әрі қарай дамуында жаңа жүйені қажет деп тауып, заңмен бекітті. Қазақстандықтар үшін МӘМС жүйесінің енуімен сапалы медициналық көмекке қолжетімділік артып, денсаулықты жақсарту, адам өмірін ұзарту, амбулаторлық-дәрілік қамтамасыз етуді кеңейту, бейресми төлемдердің деңгейін азайту көзделуде.
Ал мемлекет үшін күтілетін нәтижеге келсек, оны үшке бөлуге болады. Біріншіден, медициналық көмекпен жан-жақты және жаппай қамту жүзеге асырылады, екіншіден, денсаулыққа қатысты медициналық мекемелер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі артады, үшіншіден, денсаулық сақтауда тұтыну көлемін теңдестіруге мүмкіндік беретін тұрақты қаржылық жүйе құрылады. Соның арқасында бюджетке түсер салмақ жеңілдеп, денсаулық сақтаудың нарықтық механизмдері жетілдіріледі. Оған қоса жеке денсаулық сақтауды және денсаулық сақтау индустриясын дамыту үшін ынталандыру (қосымша жұмыс орындары мен технологиялар), қаржы ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру, қоғам алдында есеп беруге міндеттілік сынды маңызды мәселелер шешілмек.
Келесі мәселе, бастапқы көмек беретін медициналық мекемелер - емханалар, амбулаториялар мен озық клиникалар арасындағы байланыс. Сақтандырудың бұл үлгісі бойынша шығындарды қысқартудың арқасында өндіріс көлемі мен кәсіпорынның табысын арттыруға қол жеткізіп, экономикалық пайда әкеледі деп күтілуде.
Осы орайда сапасы жоғары бастапқы көмек алу, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, еліміздегі үздік клиникаларда тиімді емделу және қымбат бағалы операциялар жасату мүмкіндігінің болуы жұмыс істейтін әр азаматтың денсаулығын сақтауға, еңбекке жарамсыздық қағаздарының мерзімін қысқартуға, жұмыс берушілердің шығындарын азайтуға ықпал етсе деген мақсат тұрғаны айқын. Сол себептен де емхана мамандарының біліктілігін арттырып, білімін жетілдіруде үздік клиникалар жанындағы емханалардың тәжірибелері ескерілуі тиіс. Және емханалар жұмысына жоғары білікті консультанттар тарту қажет тәрізді. Шеберлік сабақтары, семинар-тренингтер өткізудің маңызы жоғары. Оқу мен тәжірибе астаспай біліктілік көтерілмейді.
Соңғы 5-6 жыл ішінде елімізде дәрігерлер қызметіне қатысты сот процестерінің саны және адам өмірі мен денсаулығына келтірілген моральдық зиянға қатысты азаматтық-құқықтық арыздар біршама өсті. Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі «Медициналық міндеттемені міндетті сақтандыру» туралы заңды қарастыруда. Медицинаға жаңаша нарықтық қатынастар енуімен бірге оның бүгін болмаса ертең керек болатыны айқын.
Қорыта айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу әлемдік трендте жалпы бір қалыпқа келді. Өзінің денсаулығына қатысты халықтың ой-өрісін өзгерту өте қиын міндет, бұл тек денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлерінен ғана емес, мемлекеттен де тұрақты жұмысты талап етеді. Профилактикалық бағыт, азаматтардың денсаулығына жауапты көзқарас қалыптастыру бірінші орынға шығуы керек. Сондықтан, денсаулық сақтау жүйесінің алдында медициналық қызметтердің сапасын арттыру, медициналық қызметкерлердің кәсіби деңгейі мен медицина ұйымдарының қормен жарақтандырылуын жақсарту, сапалы медициналық қызмет менеджментін енгізу туралы ауқымды міндет тұр.