«Әлеуметтік міндеттерді орындауға мемлекеттің әлеуеті жетеді» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 28 тамыз, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағалы 24 жылға жуық уақыт өтті. АҚШ Қазақстанға қомақты инвестиция салған елдер қатарында. Оның үстіне, екі ел арасында өзара сенім мен түсіністікке құрылған үнқатысу бар екенін айта кеткен жөн. Осыны қаперге ала отырып, «Егемен Қазақстан» газеті АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джордж Кролдан сұхбат алған. Сұхбат барысында басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген Елші: «Келесі жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуын атап өтпекпіз. Бұл айтулы дата тек мереке ретінде ғана емес, өзіндік тағылымы бар үлкен оқиға болғалы тұр. Уақыт жағынан алғанда да, тарих бедерінде де ұзақ кезең болмағанымен, осы уақыттың ішінде біраз нәтижелерге қол жеткіздік. Қазақстанның сыртқы саясаттағы және экономикадағы қадамдары сәтті болып, халықаралық қоғамдастық алдындағы беделі артып келеді. Мұндай нәтижелерге Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық мәселеде көрегендік танытқанын атап өткім келеді. Осындай оңды шешімдердің арқасында америкалық компаниялар Қазақстанға өз сенімдерін арттырып, инвестиция құя бастады. Қазіргі кезде әлемде саяси және экономикалық өзгерістер орын алуда. Әлі де саяси және әскери қауіп-қатерлер сейіле қойған жоқ. Тағы қайталап айтайын, қазірдің өзінде Қазақстан саясат пен экономикада айтарлықтай табыстарға ие болды. Биыл Президент Н.Назарбаев үздік отыздыққа апарар «100 нақты қадам» жоспарын жария етті. Міне, осы бес институттық реформаның жүзеге асуына біз сенім білдіреміз», - дейді. Сұхбат «Әріптестік әрекет еткенде тереңдейді» деген тақырыппен берілген.

Осы басылымда Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпованың «Әлеуметтік міндеттерді орындауға мемлекеттің әлеуеті жетеді» деген тақырыптағы мақаласы жарық көрді. Оның атап өтуінше, бүгінгі күнде әлеуметтік бағдарламаларға қарастырылған 1 трлн. 120 млрд. теңге қаржыны игеру жоспар бойынша жүргізіліп келеді. Министрлік жергілікті атқару органдарымен және Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірлесе отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына қатысты күн сайын мониторингтер жүргізуде. «Жоспарланғандай, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық негізгі төлемдер 25 пайызға өседі. Бұдан көретініміз, жаңа ақша-кредит саясатына көшкен Қазақстан дағдарысқа бой алдырмай, әлеуметтік бағдарламаларын толыққанды іске асыруға қабілетті әрі қауқарлы екені. Егер мемлекет осылайша әлеуметтік міндеттемелерді орындаумен қатар, елдің әлеуетін көтеруді жалғастыра берсе, бұл өз кезегінде қоғамдық тұрақтылықтың берік негізін құрайды. Нәтижесінде, жаңа экономикалық саясаттың арқасында дағдарысты еңсеріп, дамудың даңғыл жолына қайта түсеріміз кәдік», - дейді ол.

***

«Қазір жүріп жатқан «Халықаралық терроризмге қарсы коалицияның» Ауғанстаннан кетуі толық аяқталғаннан кейін Орталық Азиядағы жағдай күрделенуі мүмкін. «Ислам халифатын» құрмақ болып жатқан ДАИШ лаңкестері қазыналы посткеңестік кеңістікке көз тігіп отыр. Оның үстіне, біздің аймақта жас ұрпақты қаусатып, тоз-тозын шығаруға қабілетті есірткілердің жаңа түрлері тарай бастаған. Осы және басқа да сын-қатерлерді кеңінен талқылап, тосқауыл қоюдың ортақ әдіс-тәсілдерін түзу үшін ТМД және ШЫҰ елдерінің құқық пен тәртіп саласындағы басты қадағалаушы органдарының басшылары Астанаға жиылды», - деп жазады «Айқын» газеті жұма күнгі нөміріндегі «Нашақордан «қаһарман» жасаудың қажеті жоқ» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, кеше оларды Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Кездесуде ШЫҰ және ТМД аймағында заңдылықты, қауіпсіздікті және өңірлік тұрақтылықты сақтаудың маңызды мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы өз сөзінде ТМД елдері прокуратураларының өзара іс-қимылын күшейтудің маңыздылығын атап көрсетті.

Сонымен қатар алыс-жақын елдердің прокуратура басшылары Астанада, Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше-мемлекеттер бас прокурорларының 13-ші отырысын және ТМД-ға мүше-мемлекеттер бас прокурорлары үйлестіру кеңесінің 25-ші отырысын өткізген.

«Айқын» газетінің бүгінгі санында кинотанушы, профессор, өнертану кандидаты Бауыржан Нөгербек қазақ киносы жайында өз ойлармен бөліскен. Сұхбат барысында барлық сауалға егжей-тегжейлі жауап берген ол өкінішке қарай, кинотанушыны тек сыншы деп қабылдайтындығын, шыққан фильмнің кемшіліктерін ғана байқап, жетістіктерін көрмейді деп ойлайтындығын атап өткен. «Шын мәнінде, кинотанушы фильмге ғылыми көзқараспен қарайтын маман. Редактордың да қызметін атқарады. Екіншіден, кинотану мамандығында оқып, бітіргендер тек сыншының ғана емес, журналистің, редактордың, тіпті продюсердің де жұмыстарын атқарып жүр. Шәкірттеріміздің арасында ғылым саласына бет бұрғандары да бар. Магистратурада, докторантурада оқып, қазақ киносы туралы зерттеп, ғылыми жұмыстарын қорғады. Кеңес өкіметі жылдары екі-үш кинотану кандидаты болған, қазір олардың қатары әжептеуір көбейді. Өкініштісі, әлі күнге дейін Шәкен Аймановтан бастап, қазіргі жас режиссерлерге дейін олар туралы жазылған, терең зерттелген монографиялар жоқ. Тек қана ғылыми мақалалар, конференцияда жасалған баяндамалар немесе естеліктер бар. Ал олардың шығармашылығын алғашқы фильмінен бастап, соңғысына дейін зерттеу әркімнің қолынан келе бермейді», - дейді. Сұхбат «Қазақ киносын әлемдік деңгейге көтеруге тиіспіз» деген тақырыппен берілген.

Соңғы жаңалықтар