Әлеуметтік роликтерге арналған «Ниет» байқауының жеңімпаздары анықталды
Іріктеу нәтижесіне сай бас жүлде - бір миллион теңге және Ақан Сатаевтың продюсерлігімен әлеуметтік ролик түсіру мүмкіндігі Дмитрий Галабирге бұйырды. Екінші орынға Қуаныш Омаров ие болды. Ол Apple MacBook ноутбугын ұтып алды. Үшінші орын жеңімпазы Ринат Тұрғанбеков. Оған цифрлық фотокамера табысталады.
Ынталандыру сыйлығына ие болғандардың аты-жөні салтанатты марапаттау рәсімінде хабарланады. Іріктеу нәтижесі соң түсірілім жұмыстары басталып кетті. Жеңімпаздың сценарийі бойынша түсірілген әлеуметтік роликтің таныстырылымы сәуір айында өтеді.
Байқауды Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Астана Банкі» АҚ және Standart life компаниясымен бірігіп ұйымдастырып отыр.
Байқауға қатысатын жұмыстарды қабылдау 2017 жылдың 27 қарашасы мен 24 желтоқсаны арасында жүргізілді. Бір айдың ішінде ең өзекті деген тақырыптарға арналған алты жүзден астам сценарий келіп түсті. Ойдың маңыздылығы, ерекшелігі мен сценарийдің тұтастығы басты назарда болды.
Қазылар алқасының мүшелері белгілі режиссер Ақан Сатаев, «Қазақстан «РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрайымы Алмагүл Ахметжанова, Казмедиа Медиамектебінің директоры, журналист Махаббат Есен мен Standard Life акционері Дәурен Күмпейісов.