Әлеуметтік саладағы ғимараттар мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл әлеуметтік саладағы ғимараттарды барынша мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді ету мәселесіне ерекше мән беріледі.

Әлеуметтік саладағы ғимараттар мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді болады

Бұл туралы бүгін «Қазақстан Республикасының Мүгедектердің құқықтары туралы БҰҰ конвенциясын ратификациялауы: оң өзгерістерге ұмтылыс» халықаралық конференциясы алдында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.

«Біз өткен жылдан бері барлық облыстарда қажетті жұмыс жоспарларын жасадық. Оған сәйкес, егер жаңа үйлер салынып жатқан болса, құрылыс нормалары мен ережелерінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдайлар міндетті ескеріледі. Ал енді бұрындары салынған ғимараттардың барлығына қазір кезең-кезеңмен бұл нормаларды енгізудеміз. Биылдың өзінде әлеуметтік саладағы бізге қарасты ғимараттардың 70 пайызын мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолжетімді ету мәселесін қарап жатырмыз»,-деді министр.

Сонымен қатар ол білім және инфрақұрылымдық саладағы ведомстволар да өздеріне қарасты ғимараттардағы қолайлы жағдайды қарастырып жатқандығын атап өтті.

«Шағын және орта бизнес бағытында біз жақында осы мәселені көтердік. Бұл тұрғыда тиісті меморандум бекітілген»,-деді министр.

Осы орайда Т. Дүйсенова бизнес өкілдерін бүгінде салынып жатқан нысандардың міндетті түрде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді болуын ескеруге шақырды. Бірінші кезекте нысандардың кіреберістеріне арнайы пандустар орнатылуы тиіс.

«Күнделікті жаңа ғимараттар пайдалануға беріліп жатыр. Бірақ, адамдарға ең қажетті нысандарға қолжетімділігін 2020 жылға дейін шешуміз керек»,-деді ведомство басшысы.