Әлеуметтік саладағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің кешенді бағдарламасы әзірленеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде Ұлттық қорға жармаса беруді доғару қажеттігін баса айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік саладағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің кешенді бағдарламасы әзірленеді

«Ұлттық қорға жармаса беруді доғару қажет. Мен бұл туралы осыған дейін де талай рет айттым. Ұлттық қор – болашақ ұрпақтың қаражаты. Біз оның ресурстарын тек қажетті жағдайларда, дағдарыс кезеңдерінде пайдалануымыз керек. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік және жан басына шаққандағы қаржыландыру институтын, әсіресе әлеуметтік инфрақұрылымға инвестициялар тарту үшін толық көлемде пайдалану қажет.

Өткен жылдың желтоқсан айында мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жаңа моделін енгізуге бағытталған заңнамалық түзетулерге қол қойдым. Жеке әріптестерді іріктеу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылданды, квазимемлекеттік кәсіпорындардың қатысуы шектелді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айтуынша, бұл шаралар бизнесті мемлекеттік жобаларды іске асыруға тартуға мүмкіндік береді.

«Бұл құрал жаңа ұлттық жобаларды іске асыру кезінде барынша пайдаланылуы тиіс. Үкіметке әлеуметтік салада мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің кешенді бағдарламасын дайындауды тапсырамын», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Үкімет үйінде Президент төрағалығымен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өтіп жатыр.