«Әлеуметтік саланың әлеуеті арта түсті» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Желтоқсанның 31-і. / ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда желтоқсанның 31-і,  бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы Сейфуллин мен Сембинов көше­лері­нің қиылысқан жерінде орна­лас­қан Балалар үйінде өткен мере­келік шараға қатысты. Осыған орай «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі нөмірінде «Бала бақыты бал күлкісінен танылады» деген тақырыппен мақала жарық көрді. «Мұнда жүздері бал-бұл жанған балалар Президентті «Жаңа жыл құтты болсын!» деген тілекпен қарсы алды, жылдағы дәс­түр бойынша әсем әндер айтып, өз өнерлерін ортаға салды. Бүлдір­шін­дер­дің өнерлеріне риза болған Елба­сы олардың қасына келіп, әр­бірінің басынан сипап, жаңа жылға деген игі тілектерін жеткізді», деп жазады басылым.

Мемлекет басшысының елордадағы Балалар үйінде болып, оларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтағаны жайында «Астана ақшамы» басылымынан да оқи аласыздар.

ҚР Сыртқы істер министрлігі кейбір БАҚ таратқан Иран Ислам Республикасына уран жеткізу туралы әлдебір келісімге Қазақстанның қатысы бар деген ақпаратты үзілді-кесілді жоққа шығарады және аталмыш ақпаратты ел абыройына кір келтіретін, негізсіз қауесет деп есептейді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің кеше, желтоқсанның 30-ында таратқан мәлімдемесінде айтылған. «Әлемде төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарта отырып және әлемдегі екінші ірі Семей сынақ алаңын жабу арқылы Қазақстан дүние жүзі мемлекеттері мойындаған әлемдік қарусыздану мен қаруды таратпау процесінің көшбасшыларының бірі болып табылады», - делінген мәлімдемеде. Мәлімдеме «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген.

«Әлеуметтік саланың әлеуеті арта түсті». Осы тақырыппен «Егемен Қазақстан» басылымының желтоқсанның 31-інде жарық көрген санында жарияланған сұхбат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықовамен өрбіген. Екеуара әңгіме барысында министр «Өтіп бара жатқан жыл Қазақстан үшін ең жемісті жылдардың бірі болды демесек те, экономикамыздың сауығуына бет бұрғанын жоққа шығаруға болмас. Дағдарыс салқыны тиген ел экономикасының кейбір салалары тұрақтылық сынына төтеп берді. Бұл ретте әлеуметтік саланың Елбасының оң назарында болып, халықтың тұрмыс-тіршілігі төмен­де­ме­­генін айта кету керек. Дер кезінде қабыл­данған шаралардың арқасында көптеген іс атқарылды» депті.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, бүгін желтоқсанның 31-інде әлемге әйгілі кинорежиссер Тимур Бекмамбетовтің «Қара найзағай» фильмінің тұсаукесер  рәсімі жасалады. Әлемдік деңгейдегі режиссердің хас батыр жайлы түсірген киномиксінің бюджеті 10 миллион долларды құрайды. Кеше елордада осы фильмнің жабық көрсетіліміне Үкімет басшысы К.Мәсімов, Мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед және басқа да лауазымды өкілдер қатысқан.

Осы басылымда жарық көрген келесі мақала «Қазаққа қай жаңа жыл жақын?» деген тақырыппен берілген. «Қазір бүкіл Қазақстан жаңа жылды қарсы алудың әуре-сарсаңына түскен сияқты. Ең қызығы, соңғы жылдары Жаңа жылдан гөрі Рождествоға тән атрибуттар көше безендіру ісінен бастап, дүкен сөрелерінен көрініс тауып жатқандай», деп жазады басылым. Жаңа жыл жайындағы басылымның пайымын бүгінгі санынан егжей-тегжейлі оқи аласыздар.

«Айқын» газетінде Қазақстанның халық әртісі Сара Тыныштығұловамен арадағы сұхбат «Менің Қазақстаным» әнін айтқаныма тура 50 жыл толды» деген тақырыппен басылған. Екеуара әңгіменің толық нұсқасы басылымның бүгінгі санында жарық көрген.

***

«Нұр Астана»  басылымының бүгінгі санында әлемге танымал кинорежиссер Тимур Бекмамбетовпен арадағы сұхбат «Қазақ киносына қарапайымдылық жетіспейді» деген тақырыппен берілген.

***

«Астана ақшамы» басылымның дәстүрлі «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» айдарында елорда әкімі И.Тасмағамбетов қала халқының өздерін мазалаған сауалдарына тұщымды жауап берген.

«Ертең барыс жылының табалдырықты аттап, төрге жайғасар жылы. Қазақ халқы үшін  барыс - өте бағалы аң. Жалпы шығыс ғұламаларының көне жазбаларында әр жылды қалай қарсы алу керектігі жөнінде көп болжамдар айтылған», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Барыс жылын қалай қарсы алу керек, жылдың ерекшелігі қандай деген сауалдарға аталған мақаладан толық жауап ала аласыз.

Барыс туралы көлемді мақаланы «Айқын» газетінен де оқуға болады.

«Казахстанская правда» басылымының ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев израильдік тараптың бастамасы бойынша Израиль Мемлекетінің Президенті Шимон Переспен телефон арқылы сөйлескен.

Әңгімелесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың даму келешегінің мәселелері талқыланып, өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзара пікір алмасты. Атап айтқанда, тараптар келесі жылы АӨІСШК кезекті саммитін өткізудің маңыздылығын атап өтті.
Израиль Президенті Қазақстан халқын алда келе жатқан Жаңа жылмен құттықтай отырып, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығына табыстар тіледі.

Бұл ақпарат «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Литер» басылымдарында да жарық көрді.

Соңғы жаңалықтар