Әлеуметтік сауалнама: Ел жолдарындағы проблема - сапасыз құрылыс пен жөндеу жұмыстары және көлік жүргізу мәдениетінің төмендігі

АЛМАТЫ. 29 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан қалалары жолдарындағы негізгі проблемалардың басты себебі - сапасыз құрылыс пен жөндеу жұмыстары және көлік жүргізу мәдениетінің төмендігі. Саяси шешімдер институтының әлеуметтік сауалнамасына қатысқан ел азаматтарының басым бөлігі осындай пікір білдірген.
None
None

Респонденттердің 33,9 пайызы, яғни үштен бірі өз қалаларында ахуалды «жолдардағы шамадан тыс көліктің көптігі әрі кептелістер» деп бағалайды. Ал қалалықтардың бестен бірі жүргізушілердің жол жүру ережесін бұзуымен не болмаса сақтамауымен бетпе-бет келетіндіктерін айтқан. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқан азаматтардың 14,6 пайызы жолдарда апаттың жиі орын алатындығын атаған.

Қалалықтардың 12 пайызы «қаланың көптеген бөлігіндегі жолдардың апатты әрі нашар жағдайда» екендігін алға тартады. Көлік қоятын арнайы орындардың болмауы респонденттердің 8 пайызына басты проблемаға айналып отыр. Сауалнамаға жауап берген тұрғындардың дәл осындай пайызы қала маңындағы елді мекендерден келетін көліктердің жолдағы қозғалысқа кедергі келтіретінін айтуда. Ал респонденттердің 7,5 пайызы жол полициясы қызметкерлерінің жұмысына көңілдері толмайды.

«Сіздің пікіріңізше барлық жолдардағы проблемалардың негізгі себебі неде?». Осы сауалға жауап бергендердің 36,7 пайызы жолдағы жөндеу жұмыстары мен құрылысының тиісті деңгейде жүргізілмегендігін алға тартуда. Сонымен қатар 31,8 пайыз респонденттер «көлік жүргізу мәдениетінің төмендігін» атаған. Қалалықтардың 21,5 пайызы көшелердің тарлығына, ал 17,2 пайызы қаладан тысқары жерлерден келетін көліктердің көптігіне байланысты жолдарда проблема туындап отыр деп санайтындығын білдірген.

Сауалнама сәуірде еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларында жүргізілді. Оған 2300 адам қатысты.

Соңғы жаңалықтар