17:50, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
Әлеуметтік теңсіздік пен кедейшілік болған кезде адам саудасын тоқтату қиын ? қоғамдық қор директоры
АЛМАТЫ. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Адамдарға қатысты теңсіздік пен кедейшілік болған кезде адам саудасын тоқтату қиын. «Стоп трафик» жедел алдын алу іс-шарасына орай бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында осындай пікір айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Стоп трафик» жедел алдын алу шарасы аясында наурыздың 10-20 күндері «Адам сатудың құрбаны болмаңыздар!» деп аталатын республикалық акция өтеді. Ол адам саудасы, жеңгетайлық және адамды ұрлап әкетіп өзінің мақсатына пайдалану қылмысына қарсы ұйымдастырылған. Мақсат - халықты кең ауқымды бұл қылмыс түрінен сақтандыру», дейді Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бөлім бастығының орынбасары Нұрбақыт Нәбиев. Оның айтуынша, өткен жылы бөлім қызметкерлері адам ұрлауға қатысты 1, адам сатуға қатысты 3, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеуге қатысты 4, жеңгетайлық қылмысқа қатысты 24 жәйтті әшкерелеген. «Мұндай әлеуметтік қайшылықты ахуал адамдарға қатысты теңсіздік пен кедейшілік болған кезде бола береді. Оның құрбандарының саны ресми деректен әлдеқайда көп. Өйткені әшкереленген қылмыстар бойынша нақты жазасын алмай жатқандарды көрген адамдар әрдайым құқық қорғаушылардан көмек сұрай бермейді. Мәселен Алматыдағы «Родник» Әйелдер мен балаларды әлеуметтік-психологиялық бейімдеуді жүзеге асыру орталығы» қоғамдық қорынан 3 жылдың ішінде адам саудасының құрбандығына айналған 58 адам арнайы бағдарлама бойынша көмек алды. Олардың 12-сі кәмелеттік жасқа толмаған балалар», дейді қор директоры Нина Балабаева.