Әлеуметтік төлемдер алуға арналған құжатты «электрондық үкімет» арқылы рәсімдеуге болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік-еңбек саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын қабылдады.
Құжат әлеуметтік-еңбек саласындағы 36 мемлекеттік қызметтің 16-сын өзгертуді қамтиды.
«Енгізіліп отырған жаңа нормалар бұл қызметтерді азаматтардың тек мемлекеттік және жергілікті органдарда немесе зейнетақы орталықтарында ғана емес, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сондай-ақ «электрондық үкімет» порталы арқылы алу мүмкіндігін қарастырады. Бұл ретте қызмет көрсету мекемелерін таңдау құқығы әркімнің өзінің жеке шешіміне байланысты болмақ. Ал қызмет алу орындарын кеңейту бір жағынан мемлекеттік қызметке қолжетімділікті арттырса, екінші жағынан мекемелер арасындағы бәсекелестік көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуға игі әсер етеді», - деді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.
Оның айтуынша, Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы мемлекеттік қызметтің он түрін қамту мүмкіндігі қарастырылады. Соның ішінде республикалық бюджеттен және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу, жасына байланысты зейнетке шығу, жұмысынан айырылуына байланысты төленетін базалық жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Бұл төлемдер қазіргі таңда 700 мыңға жуық азаматтарға беріледі.
Бұдан бөлек, министрдің сөзіне қарағанда, әлеуметтік төлемдер үшін ХҚКО-ына өткізетін құжаттар тізімі де қысқартылған. Мәселен, зейнетақыға өтініш беру үшін бұрын талап етілетін үш құжаттың біреуін ғана - жеке куәлікті көрсетсе болғаны. Ал қызмет көрсету уақыты 7 күннен 1 күнге дейін қысқарады.
Сонымен қатар жасына байланысты берілетін әлеуметтік жәрдемақы, жұмыстан шығып қалуына немесе бала бағуға байланысты әлеуметтік төлемдер алуға арналған құжаттарды да электронды үкімет арқылы рәсімдейтін болады.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.