Әлеуметтік жағдайы төмен 24 елордалық отбасы құрылыс компаниялары атынан баспаналы болды
АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қаласы әкімдігінде елорда басшысы Иманғали Тасмағамбетовтың қатысуымен қаладағы әлеуметтік әлсіз санаттағы 24 отбасына пәтер кілттері табыс етілді.
Іс-шараның ерекшелігі - баспаналар мемлекеттік тұрғын үй қорынан емес, қайырымдылық негізде қаладағы 17 құрылыс компаниясынан бөлінді.
Астана әкімдігінің ұсынысы бойынша кәсіпкерлер тұрғын үйлерге үміткерлерді іріктеу барысында тұрмыстық жағдайы төмен және тұрғын үй кезегі бойынша алдағы уақытта пәтерге ие болу мүмкіндіктері жоқ отбасыларды бірінші кезекте қаперге алды. Нәтижесінде 24 пәтерге баспаналары апаттық жағдайдағы, жанұяларында мүгедек және сырқаттары ауыр балалары бар азаматтар ие болды.
«Жалпы мұқтаж жанға қолұшын беру қашанда зор жауапкершілік, үлкен азаматтық парыз деп есептеймін. Бұл орайда белгілі құрылыс компаниялары кеңесе келе, қаламыздағы көмекке зәру жандардың баспана мәселесін шешіп беру ісін қолға алды. Әрине, барлық түйткілді бір күнде шешіп тастау мүмкін емес. Бірақ, жұмыла көтерген жүк жеңіл. Сондықтан, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге бірігіп кірісуіміз қажет»,- деді И. Тасмағамбетов.
Айта кетейік, қазіргі таңда мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекте 18 805 азамат тұр. Соның 9207-сі әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар.