Әлеуметтік жағдайы төмен ортадан шыққан балаларға Астана әкімдігі арнайы гранттар тағайындайды
АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат - 3 тамыз күні «Мейірім-Демеу» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырумен «Оралмандарды әлеуметтік бейімдеу және қолдау қызметін ұйымдастыру» атты әлеуметтік жоба аясында Астана қаласындағы оралмандардың қатысуымен тренинг өткізілді. Тренингті Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Алматы ауданы бойыншы бөлім басшысы Аят Орынбекова жүргізді. Бұл туралы «Мейірім-Демеу» қоғамдық бірлестігі хабарлап отыр.
Бірлестіктің хабарлауынша, А. Орынбекова жиналған қандастарымызға Астана қаласында халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар туралы жан-жақты және пайдалы ақпараттармен таныстырып, еңбек нарығы, халықты жұмыспен қамту мәселесі, сондай-ақ тұрмыс жағдайы төмен адамдарға, мүгедектерге, жұмыссыздар, зейнеткерлер мен өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын адамдардың балаларына әлеуметтік көмек пен қолдау көрсету, өмірдің қиын жағдайына, яғни адамның тіршілік әрекетін бұзатын жағдайларға (мүгедектік, егде жасқа келуіне байланысты өзіне өзі қызмет көрсету қабілетсіздігі, ауруға ұшырауы, жетімдік, тұрмысы нашар, белгілі тұратын жерінің болмауы және т.б.) тап болған азаматтарға қажетті қолдау көрсету шаралары туралы хабардар етті.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі № 246-II «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек» туралы Заңына сәйкес отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 28 маусымдағы № 63-III «Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» Заңына сәйкес 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларғаберілетін мемлекеттік жәрдемақылар және тағы басқа да тұрғын үй көмегінің көлемі және көрсетілетін тәртібін түсіндіріп берді.
Сондай-ақ, Астана қаласы әкімдігі жыл сайын 2004 жылдан бастап жалпы бiлiм беретiн мектептердің түлектерiне жоғарғы оқу орынына түсуіне оқу гранты түрінде арнайы көмек беретінітуралы хабардар етті.
«Осы Астана қаласы әкімнің жалпы білім беру грантын алу құқына Астана қала мектептерін ағымдағы жылы бітіруші жетім балалар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, бала кезден мүгедектер мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар және көпбалалы отбасының балалары ие бола алады және еңбек нарығында аса талап етілген мамандықтар бойынша оқытылады», - деп атап өтті А. Орынбекова.
Айта кету керек, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Мейірім-Демеу» қоғамдық бірлестігі «Оралмандарды әлеуметтік бейімдеу және қолдау қызметін ұйымдастыру» атты әлеуметтік жоба жұмысын жүргізуде.
Жоба аясында оралмандардың жаңа ортаға кірігіп, қоғамдық өмірге еркін араласуына мүмкіндік жасау, қоғамдық белсенділігін арттыру мақсатында бірқатар тренинг, оқыту сабақтары өткізілмек.