Әлеуметтік желі пайдаланушылары Қарағандыдағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен жүргізушіні табуға көмектесті
Қарағанды облысы ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияровтың мәлімдеуінше, оқиға 31 қазан күні кешкісін Қарағанды облысының Шахтинск кентінде болған.
«Mercedes» көлігін басқарған жүргізуші Жеңіске 40 жыл көшесінде адам қаққан. Ол жаяу жүргіншіге көмек көрсетпей, жылдамдығын артырып, оқиға орнынан ізін жасырған», - деді Бақытжан Құдияров.
Куәгерлердің бірі қашып бара жатқан көлікті ұялы телефонына түсіріп үлгерген. Алайда мемлекеттік номері көрінбегендіктен, видео жол-патруль қызметкерлеріне көмектесе алмады. Құқық бұзушы қоғамдық жағдайларға немқұрайлы қарамайтын әлеуметтік желі пайдаланушыларының арқасында ұсталды.
«Әлеуметтік желі пайдаланушыларының ақпараттарының арқасында 22 жастағы Шахтинск кентінің тұрғыны ұсталды. Ол жол жүру ережесін бұзғанын мойындады», - деді ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы.
Жергілікті полиция қызметі оқиға куәгерлеріне көрсеткен көмектері үшін алғыс білдіреді.