Әлеуметтік желіде арандатушылық сипатқа ие сурет таратқан адам қамауға алынды - Қызылорда облысы
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - 1 мамырда әлеуметтік желілерде «Қызылорда қаласындағы наразылық акциясында қайтыс болды» делінген қан жоса болған ер адамның мәйітінің фотосуреті тарап кетті, деп хабарлайды Қызылорда облыстық ІІД баспасөз қызметі.
«Облыстық Ішкі істер департаменті аталған ақпарат шындыққа сай келмейтінін, жалған әрі арандатушылық сипатқа ие екендігін анықтады. Сонымен қатар, бұл фотосурет өзге мемлекетте болған оқиғаны бейнелейді әрі Қазақстан Республикасына ешқандай да қатысы жоқ», делінген хабарламада.
Аталмыш дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталған.
Жедел-іздестіру жұмыстары барысында аталған ақпаратты Алматы қаласының М.Жакауов есімді тұрғыны таратқаны анықталып, азамат Ішкі істер департаментіне жеткізіліп, одан күдікті ретінде жауап алынды. Жауап алу барысында күдікті азамат өз кінәсін мойындап отыр.
Сол күні-ақ күдікті азамат Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес Қызылорда қалалық ІІБ Уақытша ұстау абақтысына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жалғасуда.