Әлеуметтік желіде кәсіби журналистиканың рөлін күшейту керек - Сауытбек Абдрахманов
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов «Журналист жүгі» атты көшбасшылық дәрісін оқыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шараға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам және өнер қайраткерлері, журналистика факультетінің оқытушы-ұстаздар қауымы мен студенттер қатысты.
Филология ғылымдарының докторы, профессор өз дәрісінде қазақ журналистикасының кешегісі мен бүгіні жөнінде ой толғап, жастарға өмірлік тәжірибесінен мысал келтірді.
«Журналист мамандығын таңдаған адамдар бақытты таңдау жасаған адамдар деп білемін. Өйткені бұл басқа жағын былай қойғанда, бір жасаған жұмысыңды қайтадан жасамайтын қасиетімен-ақ ерекше. Бұл жұмыс ел көргізеді, жер көргізеді. Адамдармен араластарып, құраластырады. Өзінің бір өмірінде бәленбай мамандықтың өмірін сүріп көруге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан қарағанда бұл - ерекше мамандық»,- дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, журналист Сауытбек Абдрахманов.

Оның пікірінше, журналист кез келген тақырыпқа жаза білуі керек.
«Ең бастысы – өз ісінің кәсіби маманы болу қажет. Журналист кез келген тақырыпқа жаза білуі тиіс. Қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, мобильді болуы керек. Кез келген уақытта, қай жерде болмасын халыққа жаңалықты шұғыл тарата білгені абзал.Телевизия журналисі болса, монтаж жасай алғаны дұрыс. Операторға көмектесуі керек. Мұның бәрі - кәсібилік», - дейді ол.
Сондай-ақ журналист дәріс барысында әлеуметтік желінің қоғамдағы рөліне тоқталды.
«Әлеуметтік желіде кәсіби журналистиканы енгізіп, блогер- журналистиканың рөлін күшейту керек. Бүгінгі күні газеттің тараламын он орап кететін блогерлер бар. Бұл факт. Мұнымен санасу керек. Сондықтан әлеуметтік желіде кәсби журналистиканың салмаған көбейтуге тырысу керек. Демократия үшін, халық үніне құлақ асатын мемлекет үшін оның рөлі зор»,- дейді ол.
Биыл 70 жасқа толған Сауытбек Абдрахманов 1975 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетін тәмамдаған.
Еліміздің іргелі басылымдарында, телевизия, радио саласында, Мәдениет министрлігінде басшылық қызмет атқарды.
Сауытбек Абдрахманов – кино өнері туралы мақалалардың, шығарма портреттердің, сұхбаттардың және бірнеше деректі фильмнің авторы.
«Біздің Пушкин», «Тәуелсіздік шежіресі», «Адамзат күнтізбесі», «Елдік сыны», «Бер бана ат», «Коран и Пушкин», «Төлтума мен төлтума», «Перевод поэзии и поэзия перевода» кітаптарының, «Париж. ЮНЕСКО. Әуезов», «Қажылық», «Ертегілер еліндегі екі күн», «Мадридтегі мереке», «Мәңгілік мұрат», «Армысың, Астана!», «Биіктік» фильмдерінің авторы. «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» атты қос томдық қазақ поэзиясы антологиясының құрастырушы-авторы.
Шара барысында Сауытбек Абдрахманұлына ұлттық университеттің құрметті профессоры дипломы табысталды.

