Әлеуметтік желілерде Иманғали Тасмағамбетовтың фейк аккаунттары пайда болды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Facebook пен Instagram-да Иманғали Тасмағамбетовтің атынан ашылған фейк парақшаларды көруге болады. Танымал мемлекеттік қайраткерінің бұл аккаунттарға қатысы жоқ, деп жазады Stopfake.kz.
Мысалы, Instagram-дағы осындай аккаунттардың бірі tasmagambetov_official парақшасына 45 мыңнан астам адам жазылған, екіншісі – imaangali_tasmagambetov – жазылушылар саны мыңнан асады.
Facebook-те де оның атынан парақшалар ашылған.
Иманғали Тасмағамбетов әңгіме барысында Stopfake.kz-ке бұл аккаунттарға қатысы жоғын айтты. Ол әлеуметтік желілерге тіркелмегенін жеткізді:
«Құрметті достар! Соңғы уақытта әлеуметтік желіде менің атымнан түрлі тақырыпта арандатушылық ақпарат жүктелген жалған аккаунттар мен парақшалар пайда болып жатыр. Сөз жоқ, бұл жеке менің абырой-беделімнен бөлек, әрбір азаматтың ғаламтордағы қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатерді көрсетеді. Ресми түрде мәлімдеймін, менің әлеуметтік желіде ешқандай парақшам жоқ. Баршаңыздан мұндай арандатуға қарсы тұрып, жалған ақпарат таратпауларыңызды сұранамын», - деп жазды Иманғали Тасмағамбетов.