Әлеуметтік жеңілдіктерге мұқтаждарды бағалайтын индикаторлар қажет - Дәурен Бабамұратов
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Әлеуметтік жеңілдіктерді жүзеге асыру үшін әрбір отбасының шынымен мұқтаж не мұқтаж емес екендігін бағалау бойынша қосымша индикаторлар қажет. «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде айтылған Елбасының бастамалары жөнінде «Жастар үні» ЖҚБ төрағасы Дәурен Бабамұратов осындай пікір білдірді.
«Съездегі басым әлеуметтік бастамаларды екіге бөлуге болады. Біріншісі сөзсіз әр балаға берілетін 21 000 теңге, екіншісі 2-3%-баспанаға арналған несиелер. Менің түсінгенім біріншісі ауыл халқы үшін. Ауылда 100 мың айлықты тіпті армандап көрмеген және ресми ондай жалақы алуға еш мүмкіндігі жоқ отбасылар көп. Әлгі жарты миллион көп балалы отбасының дені сол жақта», - деді Дәурен Бабамұратов.
Оның айтуынша, екінші бастама көп балалы отбасыларға 2-3% пайызбен берілетін тұрғын үй несиелері.
«Бұл екі ұсынысты да оң қабылдадық. Батыл шешімдер және шынымен әлеуметтік! Бұл екі жоспарды жүзеге асыру үшін әрбір отбасының шынымен мұқтаж не мұқтаж емес екендігін бағалау бойынша қосымша индикаторлар қажет болады деп санаймын.
Сонымен қатар, тұрғын-үйге арналған несиелер мүлдем жылжымайтын мүлігі жоқ отбасыларға ғана емес, мысалы, бес баласымен 1 бөлмелі пәтерде тұратын отбасылардың да осы санатқа енуіне жағдай жасау керек деп есептеймін», - деді Дәурен Бабамұратов.
Ол бастамаларды жүзеге асыру механизмдерін жаңадан құрылған Үкімет халықтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып әзірлейді деп санайды.