Әлеуметтік көмек пен еңбек қауіпсіздігі цифрлық бақылауға алынады

АСТАНА. KAZINFORM — Олжас Бектенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрлық трансформациялау мәселелері бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Бектенов әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру мәселелерін қарады
Фото: Үкімет

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында мемлекеттік әлеуметтік көмектің шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көрсетілуіне, сондай-ақ кәсіпорындардың азаматтардың еңбек құқықтарын қатаң сақтауын қамтамасыз етуге және еңбек саласындағы тәуекелдердің алдын алуға бағытталған цифрлық шешімдерге назар аударылды.

— Мемлекет басшысы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жаппай цифрландыруды жүзеге асыру және жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді тапсырды. Бұл әлеуметтік-еңбек саласы үшін, әсіресе жүргізіліп жатқан реформа аясында ерекше маңызды. Біз қолдау шараларының ашық есебін жүргізіп, олардың нақты түпкілікті нәтижесін бағалауды қамтамасыз етуіміз керек. Бұл — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басты міндеті, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев пен вице-министр Бахтияр Жазықпаев негізгі цифрлық шешімдерді таныстырды.

Бектенов әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру мәселелерін қарады
Фото: Үкімет

«Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйеден алынған, 20 млн-нан астам азамат пен 6,2 млн үй шаруашылығына қатысты деректер біріктірілген. Бағалаудың объективтілігін арттыру мақсатында деректерді жергілікті атқарушы органдар азаматтардың нақты тұрмыс жағдайын ескере отырып тексереді.

Олжас Бектенов өңірлердегі жағдаймен танысты. Бұған дейін өңір басшыларына «Отбасының цифрлық картасы» арқылы анықталған мұқтаж азаматтарға проактивті қолдау көрсету жұмыстарын күшейту тапсырылған болатын. Мұның аясында олардың жұмыспен қамтылуы мен білім алуына, жеңілдетілген несие рәсімдеу және өз кәсібін ашуға жағдай жасалуы тиіс. Осылайша, ұсынылып отырған қолдау шаралары азаматтардың тұрмыс сапасын одан әрі жақсартуға негіз қалауы тиіс. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесінде 2025 жылы 480 355 мұқтаж отбасының өмір сүру жағдайы жақсарып, әл-ауқаты жоғары санатқа ауыстырылған. Ал 2026 жылдың басынан бері тағы 464 158 отбасы осы санатқа ауыстырылды.

Бектенов әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру мәселелерін қарады
Фото: Үкімет

Сонымен қатар әлеуметтік төлемдердің шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көрсетілуін қамтамасыз ету мақсатында оларды оңтайландыру жөніндегі реформаның жүзеге асырылу мәселелері қаралды. Әл-ауқаты жоғары азаматтарға қатысты әкімдіктермен бірлесіп, үй шаруашылықтары деректерін тексеру жұмыстары жүргізілді. Бұл санаттағы азаматтар үшін өзгерістер әлеуметтік жәрдемақылардың барлық 36 түрінің тек 14-іне қатысты болады. Қалған 22 түрі бойынша қолданыстағы төлем тетіктері өзгеріссіз сақталады. Көмекке мұқтаж азаматтар үшін мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тәртібі толық көлемде сақталатыны атап өтілді.

Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы жұмыс тобы туындауы мүмкін сұрақтар бойынша кеңес беру мақсатында өңірлерді аралап, аумақтық департаменттер базасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әл-ауқат деңгейі жоғары санатқа жатқызылған үй шаруашылықтарына қосымша тексеру жүргізуде. Бұл тексеру нәтижелері олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын нақтылауға, әл-ауқат деңгейін объективті бағалау мен тиісті санатқа дұрыс жіктеуді қамтамасыз етуге пайдаланылады.

Бүгінде SMS-хабарламалар жіберу нәтижесінде 200-ден астам азамат әлеуметтік көмекке мұқтаж болмағандықтан, жәрдемақы алудан бас тартатынын мәлімдеді. Осы бағытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі eGov Mobile қосымшасына енгізілетін жәрдемақыдан ерікті түрде бас тарту сервисінің жаңа жобасын таныстырды. Оның көмегімен әлеуметтік жәрдемақы алатын тұрмысы жоғары азаматтар мемлекеттік органдарға бармай-ақ, онлайн режимде төлемдерден өз еркімен бас тарта алады.

Үкімет жетекшісі мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректерді автоматты түрде толтыру арқылы отбасылардың әл-ауқат деңгейін анықтауға болатын калькуляторды азаматтарға ыңғайлы етуді тапсырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші деңгейлі банктерді «Отбасының цифрлық картасына» қосуды жеделдету тапсырылды.

Бектенов әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру мәселелерін қарады
Фото: Үкімет

Бірыңғай цифрлық платформа аясында жергілікті атқарушы органдар көрсететін, бұрын бытыраңқы болған 66 әлеуметтік көмек шарасына ревизия жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша орталық және жергілікті деңгейлерде ішінара қайталанатын 38 шара оңтайландырылды, ал қалған 28 шара бүкіл ел бойынша бірыңғай тағайындау критерийлері бар 13 ірі бағытқа біріктірілді. Жүйе қолдау көрсетудің өтініш беруден бастап төлемді нақты алуға дейінгі барлық кезеңін бақылауды жүзеге асырады. Сондай-ақ алушылардың санын, қолдау шараларына сұранысты және жергілікті бюджеттердің шығыстарын қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл қаражатты бөлудің ашықтығын арттырып, бір төлемнің екінші рет қайталануын болдырмайды.

Әлеуметтік қолдау шараларына өтініш қабылдау және оларды тағайындау функционалы Бірыңғай цифрлық платформада биыл маусым айында іске қосылды. Сол кезден бері ол арқылы жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеден асатын 55 мыңнан астам өтініш түсті. Оның ішінде 1,8 млрд теңгеден астам сомаға өтініштер қаралып, мақұлданды. Қазіргі уақытта платформа «Отбасының цифрлық картасымен» интеграциялануда.

Премьер-министр Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктерімен бірлесіп, мемлекеттік қолдау шараларын Бірыңғай цифрлық платформада есепке алынуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы кәсіпорындарда еңбек заңнамасының ықтимал бұзушылықтарын ерте анықтауға арналған. Қазіргі уақытта штатында 10 және одан да көп қызметкері бар 99 мыңнан астам кәсіпорын тұрақты мониторингте тұр. Жүйе үш негізгі блок бойынша 80-нен астам көрсеткішті талдайды, олар — қаржылық жағдай, әлеуметтік көрсеткіштер, еңбек қатынастары мен қауіпсіздігі. Бүгінгі таңда тәуекел деңгейі жоғары 2 792 кәсіпорын және орташа деңгейде 3 137 кәсіпорын анықталды. Анықталған заңбұзушылықтар қатарында міндетті жарналар мен аударымдарды уақтылы аудармау, еңбекақы көлеміндегі айырмашылықтар, ең төменгі жалақы мөлшеріне қатысты нормалардың сақталмауы және басқа да еңбек заңнамасын бұзу деректері бар.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына анықталған тәуекелдерге ден қою тәртібін әзірлеу және қабылданған шаралардың нәтижелерін бағалау міндеті қойылды.

Жиында атаулы әлеуметтік көмекті көрсету тетіктерін жетілдіре түсу үшін жасанды интеллектіні қолдануға мүмкіндік беретін цифрлық шешімдер де таныстырылды. Мәселен, АӘК тағайындау кезінде компьютерлік көру технологиясы учаскелік комиссиялардың ұйғарымдарын азаматтардың тұрғылықты жеріне бармай-ақ салыстыруға мүмкіндік береді. Осы технологияның көмегімен 183 мыңнан астам өтініш өңделді. Модельдің дәлдігі 89%-дан асады. Бұл ретте жасанды интеллект ұйғарымы ұсынымдық сипатқа ие, ал атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы түпкілікті шешім белгіленген тәртіппен қабылданады.

Премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, аталған шешімдерді дербес деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, бірыңғай цифрлық архитектура аясында одан әрі енгізуді тапсырды.

— Бүгін біз әлеуметтік-еңбек саласындағы отбасының әл-ауқатын бағалау мен қолдау шараларын тағайындаудан бастап, еңбек қатынастарын цифрлық есепке алуға дейінгі цифрлық шешімдер мәселесін қарастырып отырмыз. Бұл құралдардың сенімді деректерге негізделіп, азаматтардың мүддесіне бағдарланған бірыңғай цифрлық экожүйе ретінде жұмыс істеуі маңызды. Олардың тұрақты жұмысын, ведомствоаралық өзара іс-қимылды және азаматтар үшін нақты нәтижені қамтамасыз ету қажет.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан бұған дейін де әлеуметтік бағдарланған мемлекет болды және солай болып қала береді. Біз әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін мұқтаждық пен атаулылық қағидатына көшіруді көздейтін ауқымды реформаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл ретте өмірлік қиын жағдайға тап болған әрбір отбасы қажетті қолдауды толық көлемде ала береді. Мұқтаж азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары толық көлемде сақталады. Халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу және кездесулер өткізу кезінде осы мәселеге ерекше назар аудару қажет, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Айта кетелік отбасының табысы, баспанасы мен несиесі санатына қалай әсер ететіні туралы жазған едік.