Әлеуметтік көмекке бөлінген әр теңгеге таңба салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов Сенат ұйымдастырған дөңгелек үстелде теңгені бояу технологиясы әлеуметтік төлемдер жүйесіне енгізілетінін мәлім етті.

Цифровой тенге, Цифрлық теңге
Фото: DALL-E

- Қаржы министрлігімен, Көлік министрлігімен жол салу жобалары, субсидия бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де кірісіп жатыр. Әлеуметтік көмек кепілді түрде алушыға жету керек. Бөлінген ақшаны әлеуметтік көмек алушы алғанына көз жеткізуге таңбаланған цифрлық теңге мүмкіндік береді, өзіне тиесілі ақшаның ізін таппай қалмайды, - деді Ұлттық банк өкілі.

Сондай-ақ, ол «әкімшілендірілген қосылған құн салығы» тетігінің экспорттаушылардың жұмысын жеңілдететінін айтты.

- Цифрлық теңге қаржы технологиясының дамуына жауап деп айтуға болады. Ағымдағы трендтерге жауап ретінде әзірлеп іске қостық. Қазір «әкімшілендірілген қосылған құн салығы» тетігін іске қостық. Қосылған құн салығын төлеушілер ол жобаға кіргісі келеді. Өйткені қосылған құн салығын өтеп беру мерзімі 65 күннен 5 күнге дейін қысқарады. Тіпті 1 минутқа дейін қысқарту мәселесі қаралып жатыр.

Мемлекеттік кірістер комитеті бұл тетікті әзірге қолмен интеграциялап жатыр. Жыл аяғына дейін толық автоматтандыруды жоспарлап отырмыз, - деді ол сенаторлардың сұрағына жауап бере отырып.

Бұған дейін Ұлттық банк мамыр айында Ұлттық қордан 1 млрд доллар сатуы мүмкін екенін жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар